Жетісу облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Ұлттық қауіпсіздік комитетінің облыстық департаментімен бірлесіп, Жетісу облысы Көліктік бақылау инспекциясы басшысының орынбасарының заңсыз қызметінің жолын кесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Антикордың мәліметінше, ол өзінің сенімді адамының делдалдығымен облыс аумағында жүк көлігінің кедергісіз жүріп-тұруы үшін кәсіпкерлерден жүйелі негізде пара алды деп күдіктелуде. Ай сайынғы сыйақы сомасы 1 автокөлік үшін 50 000 теңгені құрады.
«Соттың санкциясымен күдікті қамауға алынды.
Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда.
Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды», – деп жазды ведомстводан.
Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі.