Үндістанда теміржол көпірі құлап, 26 адам қаза тапты

Сәрсенбі күні Үндістанның солтүстік-шығысындағы Мизорам штатының Сайранг қаласында салынып жатқан теміржол көпірі құлап, кем дегенде 26 жұмысшы қаза тапты. Тағы 2 адам жарақат алды. Мемлекеттік теміржол басқармасы тексеру бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Reuters агенттігіне сілтеме жасап.

Бұқаралық ақпарат құралдары көпір құлаған кезде оқиға орнында 40-қа жуық жұмысшы болғанын жазуда, ал полиция 28 жұмысшы туралы хабарлады.

Қазіргі уақытта құтқарушылар 13 адамның мәйітін тапты. Іздестіру-құтқару операциясы жалғасып жатыр.

Оқиға Бхайрби-Сайранг жаңа теміржолының құрылысы кезінде болды. Жаңа жол Мизорамды елдің қалған бөлігімен жалғастырып, туристер ағынын арттырады, әлеуметтік-экономикалық дамуға серпін береді деп күтіледі.

Елдің премьер-министрі Нарендра Моди зардап шеккендерге жан-жақты көмек көрсетілетінін мәлімдеді.

Еске салайық, маусым айында Үндістанда соңғы жиырма жылда болмаған ең ірі теміржол апаты орын алып, кем дегенде 288 адам көз жұмды.

Ал өткен жылдың қазан айында елдің батысындағы Гуджарат штатында аспалы көпір опырылып, 135 адам қаза тапқан болатын.