Қазақстанда 220 мың автокөлік заңдастырылды – ҚР ІІМ

Қазақстанда 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін елге заңсыз әкелінген 220 мыңнан астам автокөлік тіркеуге алынды. Бұл туралы ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Көлікке қандай талап қойылды

Қазақстанда 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін елге заңсыз әкелінген көлік құралдарын заңдастыру биыл 23 қаңтар – 1 шілде аралығында жүргізілді.

Ал өтінімді уақытылы берген және белгіленген мерзімде автомобильдерді заңдастырып үлгермеген азаматтарға оларды заңдастыру құқығы 1 шілдеден кейін де берілген.

«Бүгінгі таңда барлығы 220 мыңнан астам автокөлік заңдастырылды. Заңдастыру кезінде Мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген талаптарды нақты басшылыққа алып отырдық. Яғни, 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін әкелінген, қылмыстық іздеуде болмаған және кедендік рәсімдеуден өткен автокөліктер заңдастырылды», – деді Қ. Сұлтанбаев Орталық коммуникациялар қызметінде.

Заңдастыруда қандай мәселелер туындады

Спикердің айтуынша, заңдастыру барысында бірнеше пробелмалар анықталып, мүмкіндігінше шешіліп отырды.

«Мысалы, қосалқы бөлшектер түрінде әкелінген, елден тыс жерлерге иеліктен шығару және әкету құқығынсыз автомобильдерді қазақстандық есепке қоюға рұқсат етілді. Мұндай 17 мың автоконструктор тіркелген.

Екіншіден, ЕАЭО елдерінде есептен шығарылмаған автомобильдер үшін, оның ішінде шектеулерге байланысты заңдастыру үшін, бірақ оларды кері әкету не заңдастыру шарттарында бастапқы тіркеуден өту туралы міндеттемесімен, басқа елде бұрынғы тіркелген жері бойынша есептен шығарылған жағдайда 5 жылға уақытша есепке қою арқылы заңдастыру үшін кейінге қалдыру мүмкіндігі берілді. Қазір 14 мыңнан астам автокөлік уақытша тіркеуге алынды», – деп түсіндірді комитет төрағасы.

Сонымен қатар ЕАЭО аумағынан тыс үшінші елдерден, әсіресе Грузиядан әкелінген және кедендік тазартудан өтпеген шамамен 15 мың автокөлік бар.

«Олардың барлығы ескі және экологиялық талаптарға сәйкес келмегендіктен, кеденде рәсімделмегендіктен Үкімет заңдастыру шеңберінде олардың экологиялық талаптарға сәйкестігін растауды қажет етпейтін арнайы ережелерді бекітті. Яғни, 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкелінген, қылмыстық мәселелерден басқа автомобиль проблемалары толық көлемде шешілді», – деді Қайсар Сұлтанбаев.

Цифрлық шешімдер жол апаты санын азайтты

Көлікті заңдастыру шеңберінде Ішкі істер министрлігі аз уақытта азаматтарға ыңғайлы болу үшін, сыбайлас жемқорлық сын-қатерін азайту үшін ақпараттық жүйелер әзірледі. Бұл цифрлық жаңартулар egov порталы мен екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшаларында көрсетілді.

«Бұл шешімдер арнайы ХҚО-да халықтың көп жиналмауына мүмкіндік берді. Осы орайда өткен жылы цифрлық шешімдерді қолдану нәтижесінде қалалардағы жол көлік оқиғаларын да, қаза тапқандар санын да төмендетуге қол жеткізіп отырмыз. Сонымен қатар, жаяу жүргіншілердің де қаза табуын 11 пайызға дейін төмендегенін атап өткім келеді. Биыл апаттылықтың барлық көрсеткіштері тұрақты төмендеп келеді. Соңғы мәлімет бойынша жол апаттары саны 15 пайызға дейін, жолда қаза тапқан және жарақат алғандар саны – 14 пайызға дейін төмендеп отыр. Яғни, осы жұмыстар арқасында елімізде 2 мыңға жуық азамат аман қалды», – деді Қайсар Сұлтанбаев.