Астанада қай спорт түрлері танымал

Елорда тұрғындарының 40 пайызға жуығы спортпен шұғылданып жүр. Бұл туралы қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Самат Жылқыбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Астана тұрғындарының 37,26 пайызы дене шынықтырумен және спортпен үнемі айналысады. Жыл басынан 311 бұқаралық спорт шарасы өткізіліп, оған қаланың 26 мың тұрғыны мен қонағы қатысты. Спортпен шұғылданатын азаматтарды қамтуды ұлғайту мақсатында бұқаралық спортты дамыту басымдығын ескере отырып, арнайы бағдарламалар мен жобалар әзірленді. Осы бағдарламалар аясында елордада футбол, стритболдан аула лигалары ұйымдастырылды», – деді басқарманың басшысы.

Айтуынша, қалада командалық спорт түрлері кеңінен танымал.

«Осы орайда тұрғындар баскетбол, волейбол, футбол, шайбалы хоккей сияқты ойындарға көп барады. Сонымен қатар қазір жүгіру, дзюдо, бокс, жүзу және велоспортқа адамдар ерекше мән беріп отыр. Қысқы олимпиадалық спорт түрлерінде шайбалы хоккеймен айналысатын контингент басқа спорт түрлеріне қарағанда басым», – деді басқарма басшысы.

Сонымен бірге шорт-трек, шаңғы жарысы, конькимен жүгіру сияқты спорт түрлеріне сұраныс бар.

«Бұған дамыған спорт құрылымдары ықпал етіп жатыр. Қалада олимпиадалық спорт түрлерімен айналысатындардың жалпы саны 142 725 адамды құрады. Каратэ, джиу-джитсу, шахмат және панкратион да олимпиадалық емес спорт түрлерінің арасында танымал болып қала береді. Олимпиадалық емес спорт түрлерімен жалпы 341 103 адам айналысып жүр. Ең танымал ұлттық спорт түрі – тоғызқұмалақ. Қалада ұлттық спорт түрімен 11 128 адам айналысып жатыр», – деді Самат Жылқыбаев.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Астана спортшылары жыл басынан 4 мыңнан астам медаль жеңіп алған.

Сондай-ақ Самат Жылқыбаев жыл сайын тамыздың үшінші жексенбісінде аталып өтетін Спорт күніне орай Астанада қандай шаралар ұйымдастырылатынын айтты.