Орал қалалық сотында БҚО мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің бұрынғы басшысы Дархан Қуанышевқа қатысты үкім шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Орал қалалық сотынан түскен мәліметке қарағанда, Д.Қуанышев ҚР ҚК 366-бабы 2-бөлігіне (айтарлықтай мөлшерде пара алу) сәйкес айыпты деп танылып, оған параның 30 еселенген, яғни, 19,5 млн теңге көлемінде айыппұл салынды.
Сонымен қатар ол мемлекеттік басқару органдарында лауазымды қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылды.
Сот барысында анықталғанындай, биылғы 20 сәуірде департамент пен «Ақсай Грант» жеке кәсіпкерлігі арасында департаменттің және 9 аудандық басқарманың әкімшілік ғимараттарын кешенді ұстау және қызмет көрсету бойынша мемлекеттік сатып алу келісімшарты жасалған.
Департамент басшысы Д.Қуанышев қылмыстық әрекетін жүзеге асыру мақсатында мамыр айының ортасында «Ақсай Грант» ЖК атынан кәсіпкерлік қызметті атқарып жүрген Мирболат Мұхамедзяновтан («Ақсай Грант» ЖК басшысы А.Мұхамедзянованың жұбайы) орындалған жұмыс актілеріне кедергісіз қол қою және жалпы қамқоршылық үшін жалпы соманың 10 пайызы көлемінде пара беруін талап еткен. Бұған М.Мұхамедзянов келіскен. 26 мамыр күні Д.Қуанышев 2,5 млн теңгенің жұмысы орындалғаны жөнінде актіге қол қойған. Бір күннен кейін «Арасан» саунасында отырып, М.Мұхамедзяновтан ізін жасыру ниетімен туысы Д.Бажировтың есепшотына 250 мың теңгені аудару керектігін айтқан. Сол күні «WhatsApp» месенджері арқылы туысының «Kaspi Bank» АҚ-ға тіркелген телефон нөмірін жіберген. 29 мамыр күні Н.Мұхамедзянов Д.Бажировке 250 мың теңгені аударған. Сол күні Д.Бажиров Д.Қуанышевтің қылмыстық әрекетіне күдіктенбестен, «Kaspi.kz» қосымшасы арқылы 215 мың теңгені және «Olimpbet.kz» букмекерлік кеңсесіндегі жеке есепшотына 30 мың теңгені аударған.
Маусым айының басында Д.Қуанышев өзінің қылмыстық әрекетін жалғастырып, М.Мұхамедзяновтан 100 мың теңге пара талап еткен. Бұл әрекет те алдындағыдай жолмен жүзеге асқан.
Содан кейін осы айдың соңында тағы да 300 мың теңге көлемінде пара алған.
Осылайша, Д.Қуанышев М.Мұхамедзяновтан жалпы көлемі 650 мың теңге көлемінде пара алған.
ҚР ҚК 367-бабы 2-бөлігіне сәйкес айыпты деп танылған М.Мұхамедзянов шын өкінуіне байланысты ҚР ҚК 65-бабы 1-бөлігі негізінде қылмыстық жауапкершіліктен босатылды.
Сот үкімі күшіне енген жоқ.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «трамадол короліне» қамқоршылық жасаған БҚО полицейлеріне үкім шыққанын жазған болатынбыз.