Жамбыл облысы полиция департаментінің қызметкерлері күн сайын қаңтар оқиғалары кезінде ұрланған қару-жарақ пен оқ-дәрілерді іздеуге қатысты үздіксіз жұмыстар жүргізіп жатыр. Мәселен, кезекші тәулікте қару жасырылған үш ірі орын анықталды.
“Тектұрмас” этнотарихи кешенінің аумағында жедел ақпаратты іске асыру барысында ПД ҰҚҚІҚБ және ЕҚҚІБ қызметкерлері ашық алаңнан қару-жарақ пен оқ-дәрілер салынған полипропилен қапшықтарды тапты.
Қапшықтардан қаңтар оқиғалары кезінде ПД ғимаратынан ұрланған 9 мм калибрлі пулемет- тапанша, 20 мм калибрлі ТОЗ-120 бір ұңғылы тегіс оқпанды аңшы мылтығы, ТОЗ-63 16 калибрлі екі ұңғылы аңшы мылтығының екі бірлігі, 4,5 мм калибрлі МР-654 пневматикалық тапаншасы, ИЖ-79 газ тапаншасы, РГД-5 қол гранатасы, АК-47 автоматының оқжатары, түрлі калибрлі 87 патрон және арнайы құралдар табылып, тәркіленді.
Сондай-ақ Тараз қаласының ПБ-2 полиция бөлімінің қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында облыс орталығындағы көшелердің біріндегі қоқыс арасына жасырылған 16 калибрлі ИЖ-ЗК мылтығын, ТТ ЛИДЕР травматикалық тапаншасын, түрлі калибрлі 23 оқ-дәрі, АКСУ автоматының оқтамасын, полицей каскасын, оқ өтпейтін жилет, резеңке таяқша және полицей қалқаны табылып, тәркіленді.
Қазіргі уақытта осы деректерге қатысты ҚР ҚК-нің 287-бабының 3-бөлігі (Қаруды, оқ-дәрілерді заңсыз иелену, дайындау, беру, сақтау) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Тиісті сараптамалар кешені тағайындалды.