Прокуратура «Қазтеміртранс» АҚ қызметіне тексеру жүргізіп жатыр

Бас көлік прокуратурасы «Қазтеміртранс» АҚ қызметіне тексеру жүргізіп жатыр. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына Бас прокурор Берік Асыловтың жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Осы жылдың қаңтарынан бастап Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитеті «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ пен оның еншілес ұйымдарында («Жолаушылар тасымалы» АҚ, «Қазтеміртранс» АҚ, «Кедентранссервис» АҚ, «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС) аудиторлық тексерулер тағайындаған. Осы іс-шара барысында мемлекеттік жəне квазимемлекеттік сектор активтерін пайдалану (оның ішінде мемлекеттік мүлік туралы заңнамасын сақтау) мəселелері қамтылады», – деді Бас прокурор жауабында.

Сонымен қатар оның дерегінше, қазір Бас көлік прокуратурасы «Қазтеміртранс» АҚ-ның қызметіне тексеру жүргізіп жатыр.

«Осы тексеру қаржылық жəне өзге де активтермен билік ету кезінде тиімді жəне нысаналы пайдалану қағидаттарының сақталуын, оның ішінде Қоғаммен вагондарды берудің негізділігін жəне басқа да сұрақтарды қамтып отыр», – деді Берік Асылов.