ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Дүниежүзілік банктің салық салу, адами капиталды және инфрақұрылымды дамыту, тең экономикалық өсуді қамтамасыз ету, сондай-ақ, жасыл экономика салаларындағы жетекші сарапшыларымен кездесіп, алдағы бірлескен жұмыс бағыттарын талқылады,-деп хабарлайды ҚР ҰЭМ ресми парақшасында.
Кездесу барысында ДБ Орталық Азия және Еуропа бойынша стратегия және операциялар жөніндегі директоры Каролина Санчес-Пермо түрлі реформаларды дамыту және Транскаспий халықаралық көлік бағыты жобасын іске асыру арқылы Қазақстан мен Орталық Азия өңірінің экономикасының тұрақты дамуына қол жеткізу үшін бірлескен жұмысты жалғастыру қажеттігін атап өтті.
Өз кезегінде, ҰЭМ басшысы Банктің 2025 жылға дейінгі Қазақстан үшін Серіктестік стратегиясында айқындалған ынтымақтастықтың басым бағыттары Қазақстанның 2050 жылға дейінгі дамуының стратегиялық көзқарасына сәйкес келетінін атап өтті.
«Серіктестік стратегиясын жүзеге асыру нәтижесінде біз жеке секторды дамыту үшін қажетті жағдай жасай аламыз, сондай-ақ, ауыл шаруашылығының трансформациясын ынталандырып, қажетті инфрақұрылымды дамыта аламыз», – деді Ә.Қуантыров.
Бұдан басқа, ДБ сарапшылары салық саясатын жетілдіру, баламалы энергетика мен тарифтік саясатты дамыту және көміртегі бейтараптығына қол жеткізу мәселелері бойынша семинар-талқылаулар өткізді.