Қазақстан құрамасы химиядан 55-ші халықаралық олимпиадаға қатысуда

Швейцарияның Цирюх қаласында химиядан халықаралық олимпиада (IChO-2023) басталды. Интеллектуалды сайыста әлемнің 88 мемлекетінен 350-ден астам оқушысы бақ сынайтын болады. Олардың қатарында Қазақстан құрама командасы да бар. Астана, Ақтау, Павлодар, Өскемен қалаларынан барған 4 оқушы бар республикалық олимпиаданың жеңімпаздары және олимпиадалық резерв мүшелері. Олар химиядан әлемдік білім сайысында Қазақстан намысын қорғайтын болады,-деп хабарлайды ҚР Оқу-ағарту министрлігі ресми парақшасында.
«Бұл олимпиадаға өз елдерінің ұлттық олимпиадаларда жеңімпаз атанған химиктердің ең үздіктері келді. Олимпиада теориялық және эксперименттік турлардан тұрады. Екі тур да 5 сағатқа дейін созылады және бірнеше күн бойы өтеді. Әрбір тур бір-бірінен тәуелсіз бағаланады және емтихан нәтижелерінің қосындысы қатысушының жалпы нәтижесін анықтайды. Әр қатысушы елдің екі жетекшісінен тұратын халықаралық қазылар алқасы тапсырмаларды таңдап, талқылап, дауыс береді», – дейді құрама команданың ғылыми жетекшісі Азим Аманжолов.
Ең жоғары нәтиже көрсеткен жүлдегерлер 24 шілде анықталатын болады. Осымен 55-ші рет өткізіліп отырған халықаралық олимпиада медальдары келесі қағида бойынша беріледі:
Жеңімпаздардың 12%-на алтын,22%-на күміс және 32%-на қола медаль беріледі.Қатысушылардың 10%-ы құрмет грамоталарымен марапатталады.