Ұзақ жолдарға интернет тарататын 500-ге жуық антенна-діңгек орнатылады

Еліміздің жолдарында мобильді интернет тарататын 500-ге жуық антенна-діңгек орнатылады. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында 2027 жылға дейін ауылдарды тіркелген интернетпен қамтуды 44-тен 100 пайызға дейін ұлғайту жоспарланған. Осыған байланысты 1,2 млн астам адамды қамти отырып, 3 183 ауылға дейін талшықты-оптикалық байланыс желілерін төсеу және 504 елді мекенді спутниктік интернетпен қамтамасыз ету жөніндегі жобаларды іске асыру көзделіп отыр. Сондай-ақ, республикалық және негізгі облыстық жолдарда ұзындығы 17 мың шақырым болатын 500-ге жуық антенна-діңгек құрылыстарын мобильді интернетпен салу жоспарланды», – деді Әлихан Смайылов жауабында.

Үкімет басшысының дерегінше, «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыру аясында 2019 жылдан бастап инфрақұрылымды, оның ішінде инженерлік (жабдықтар, жылумен, электрмен жабдықтау объектілері және сумен, жылумен, газбен, электрмен жабдықтау желілері) және көліктік (кентішілік жолдар, көшелерді жарықтандыру) инфрақұрылымдарды жаңғырту жолымен ауылдық елді мекендерді жақсарту бойынша жұмыс жүргізіледі. Мәселен, 2019-2022 жылдары 3,5 мың ауылды дамытуға 337,7 млрд теңге бөлініп, 3,6 мыңнан астам жоба іске асырылды.

«Бұл 334 тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы нысандарын, 1 174 әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын және 2,2 мыңнан астам көлік инфрақұрылымы жобаларын жаңғыртуға мүмкіндік берді. 2023 жылы «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыруға 800 ауылдық елді мекенде 1,8 мың жобаны іске асыруға 198,2 млрд теңге көзделген. Бұл қаражат бірқатар жобаны, оның ішінде 1 203 көлік инфрақұрылымы жобасын (кентішілік жолдар) іске асыруға мүмкіндік береді», – деді ол.