ҰЭМ басшысы Қазақстан мен БҰҰ Даму бағдарламасының ынтымақтастығы нәтижелерін ұсынды

Жоғары деңгейдегі саяси форум шеңберінде «Өзгерістер жолындағы серіктестік: Қазақстандағы теңсіздікпен күресу және цифрлық дамуды ілгерілетудің 30 жылдығын тойлау» атты іс-шара өтті.

Шараға Қазақстан делегациясының басшысы, ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Оспанов, сондай-ақ ҚР Парламенті Сенатының, ҚР Сыртқы істер министрлігінің және ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің өкілдері қатысты.

Өз сөзінде Әлібек Қуантыров БҰҰДБ Қазақстанда құны 200 миллион доллардан асатын 200-ден астам жобаны жүзеге асырғанын атап өтті.

Сондай-ақ, ол Қазақстанның БҰҰДБ-мен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға, атап айтқанда, БҰҰДБ-ның 2021—2025 жылдарға арналған Елдік бағдарламасын табысты іске асыруға мүдделі екенін атап өтті.

«Біз өңірлік дамудағы теңсіздік пен әлеуметтік осалдық мәселелерін шешуге, мемлекеттік басқару тиімділігі мен мекемелердің есептілігін күшейтуге, экономиканы әртараптандыруға және тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге жәрдемдесуге, сондай-ақ климаттың өзгеруіне және табиғи апаттарға қарсы күреске бағытталған еліміздің дамуының 4 басым бағыты бойынша жүзеге асырылып жатқан бұл Бағдарламаны толықтай қолдаймыз», – деді Ә.Қуантыров.

Ол Елдік бағдарламаны табысты іске асыру үшін мемлекеттік қаржыландырудың негізгі құралы болатын қаржыландырудың жаңа болжамды тетігі көзделгенін атап өтті.

Іс-шара соңында ҚР Еңбек және халықты қорғау министрлігі Қазақстан мен БҰҰДБ серіктестігінің флагмандық бастамасы — Отбасының цифрлық картасы —аса осал отбасыларға жедел және тиімді мемлекеттік қолдау көрсетуге көмектесетін инновациялық платформаны ұсынды.