Атырауда тұтқындарды азаптады деп айыпталған полицейлердің ісі сотта қарастырылады

Атырауда азаптау күдігіне ілінген 5 полицейдің ісі сотқа берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырау облыстық прокуратурасының баспасөз қызметінің мәліметінше, биылғы қаңтардан бастап азаптау туралы қылмыстарды тек прокуратура органдары тергейді.

«Ел Президенті Қазақстан халқына Жолдауында азаптауды прогрессивті қоғамның қағидаларына қайшы келетін орта ғасырлардан қалған жабайылыққа теңеді. Атырау облыстық прокуратурасы адамдарды азаптады деген күдікпен Атырау қалалық полиция басқармасының 5 жедел уәкіліне қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 146-бабының 2-б өлімінің 1-тармағымен қозғалған қылмыстық істі сотқа жолдады. Полиция қызметкерлері биылғы ақпанда алдын ала сөз байласып, азамат Р-ға қылмысты мойындату мақсатында анықтаудың рұқсат етілмеген әдістерін қолданған, тән және психикалық зардап келтірді деген күдікке ілінді. Еліміздің Ата заңы кепілдік бергендей, ешкімді азаптауға, оған зорлық-зомбылық жасауға, басқадай қатыгездік немесе адамдық қадір-қасиетін қорлайтындай жәбір көрсетуге не жазалауға болмайды. Заңды негіздерді қоспаған жағдайларды қылмыстық қудалау орбитасына тартуға жол берілмейді», -деп хабарлады прокуратураның баспасөз қызметі.

Еске аласақ, бұдан бұрын Атырау полицейлерінің 2 мыңнан астам заңсыз қаулысының күші жойылғанын хабарлаған болатынбыз.

Атырау қалалық прокуратурасының мәліметінше, полиция қызметкерлері құқық бұзушылық құрамының белгілері болмаса да жеке тұлғаларды әкімшілік жауапкершілікке тартқан.

Атырау қаласының прокуроры енгізген наразылықпен аталған баппен әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерге шығарылған 1 079 қаулының күші жойылды.

Жалпы 2 мыңнан астам әкімшілік қаулының күші жойылып, 24 полиция қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылды.