Алматыда екінші қабаттың терезесінен секіріп кеткен қызға қатысты қылмыстық істің тоқтатылғаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Бұл туралы Алматы қалалық полиция департаменті мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Тергеу Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша жалғасуда: 105-бабы «Өзін-өзі өлтіруге итермелеу» және 194-бабы «Бопсалау». Тергеу барысында оқиғаның барлық қатысушылары мен куәгерлері анықталды. Басты күдікті белгілі болды. Қазір жан-жақтылық, толықтық және объективтілік қағидаттарын қатаң сақтай отырып, қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Қылмыстық істің тоқтатылғаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайды»,- деп хабарлады полиция .
Полициядан мәлім еткендей, қызды ұрып-соғып жатқан бейнеге қатысты тергеу оқиға 2022 жылдың желтоқсан айында Шымкент қаласында күдікті мен оның танысының қатысуымен болғанын анықтады.
«Алайда бұл дерек бойынша полицияға шағымдар түскен жоқ. Полицейлер жәбірленушіні іздестіріп жатыр. Тергеу барысы Алматы қалалық ПД басшылығының бақылауында»,- деп атап өтті ведомстводан.