Атырауда Жайық үстінде екі катер соқтығысып, 9 адам ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оқиға кеше, 3 шілдеде болған.
«Жергілікті уақытпен сағат 20:05 шамасында Жайық өзенінде екі қайық соқтығысқан. Аталған қайықтар адамдарды серуендету қызметіне пайдаланылған. Су көлігінің бірінде 10 адам, ал екінші қайықта 25 адам болған. Оқиға салдарынан түрлі дене жарақатын алған 9 адам ауруханаға жеткізілді», – деп мәлім етті облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінен.
Зардап шеккендердің арасында 5 ересек адам бар. Ал кәмелетке толмаған 4 бала облыстық балалар ауруханасына түскен. Оның ішінде 6 жасар бала жансақтау бөлімінде жатыр.
Полиция қызметкерлері аталған оқиғаға байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің 344-бабы 1-бөлігімен (Темiржол, әуе, теңіз немесе өзен көлiгi жүрісі немесе оларды пайдалану қауiпсiздiгi қағидаларын бұзу) сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.
Еске сала кетелік, бұған дейін балабақшада тырнағы жұлынған 3 жасар баланың оқиғасына қатысты тергеу басталғанын жазған едік. Кейін қыздың ата-анасы балабақша төлемақысынан босатылғаны хабарланды. «Нартайлақ» жекеменшік балабақшасының директоры Әния Төлешова сол күні басқа қалада болған. Оның айтуынша, балабақша 2013 жылы ашылған. Қазір онда 2-6 жас аралығында 124 бала бар. Балабақша басшысы үш жасар қыздың ата-анасын төлемақыны төлеуден босатты.