ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров «АМАNАТ» партиясының сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру барысы туралы айтты

«AMANAT» партиясының барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының бірінші республикалық форумында ҰЭМ басшысы 2022 жылы жүргізілген конституциялық реформаның нәтижесінде халықтың мемлекет қызметіне қатысу тетіктері айтарлықтай кеңейгенін атап өтті.

«Мәслихат депутаттарының мәртебесі мен дербестігін арттыру үшін мәслихат хатшысының лауазымы мәслихат төрағасы болып қайта құрылды, тұрақты комиссиялар төрағаларының екі лауазымы енгізілді, сондай-ақ, бюджет қаражаты есебінен мәслихат депутаттарының біліктілігін арттыру көзделген», – деді министр.

Ол сондай-ақ, енді мәслихаттар әкімдердің халықпен кездесуі барысында көтерілген проблемалардың мониторингін жүзеге асыратынын, әкімдіктердің бюджеттік комиссияларының жұмысына қатысатынын, қажет болған жағдайда бюджетті нақтылауға бастама жасау құқығын беретіні нақтылады.

Сонымен қатар, Ә.Қуантыров форум қатысушыларына келесі бағыттар бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтып берді:

Өңірлерді дамыту бойынша

Ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы қабылданды

«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша биыл 800 ауылда 200 млрд. теңге сомасына 1,8 мың жобаны іске асыру жоспарлануда

«Дипломмен ауылға» жобасы шеңберінде алдағы 3 жылға жалпы сомасы 70 млрд. теңгеге 13 мың маманды әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну жоспарлануда

2029 жылға дейін халықтың табысын арттыру бағдарламасы өзектендірілді

Моно- және шағын қалаларды дамыту шеңберінде 74 жобаны іске асыруға 35 млрд. теңге бөлініп, жыл сайын сома 50 млрд. теңгеге дейін өсетін болады

Кәсіпкерлікті дамыту бойынша

«Қазіргі уақытта бизнесті қолдау құралдары көзделген кәсіпкерлікті дамыту ұлттық жобасы іске асырылуда. Өткен жылы республикалық бюджеттен 170 млрд. теңге бөлінді», – деді ҰЭМ басшысы.

2022 жылы 24,5 мың жоба субсидияланды, 21 мыңға жуық жобаға кепілдік берілді

2022 жылы экономикадағы ШОБ үлесі 36,5% құрады, бұл 2021 жылдың ұқсас кезеңінен 3,2% тармаққа артық

Ағымдағы жылы мемлекет тарапынан бизнесті қолдау сомасы 100 млрд. теңгеге ұлғайып, 266 млрд. теңгені құрады

Жаңа реттеуші саясат жүргізілуде, оған сәйкес өткен жылы 44 салада бизнес үшін 10 мыңнан астам негізсіз талаптар анықталды. Олардың 90%-дан астамы бүгін оңтайландырылды.

«Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы бойынша ағымдағы жылы:

234 млрд. теңге инвестиция тартылатын болады

5,8 мың шақырым инженерлік желілерге жөндеу жүргізу жоспарлануда

213 өтінім қаралды

Желілер тозуының 2%-ға, апатты жағдайлардың 5%-ға төмендеуі, жұмысшылар жалақысының 50% – дан 100% – ға дейін көтерілуі күтілуде

Бюджеттік орталықсыздандыру бойынша

 2022 жылы жергілікті бюджеттердің кіріс базасы бірқатар төлемдерді жергілікті деңгейге беру есебінен 81 млрд. теңгеге ұлғайтылды

Бюджеттің IV деңгейіне салықтар мен төлемдердің 4 түрін беру жоспарлануда

Өңірлік стандарттар жүйесі енгізілді

«Биыл министрліктің алдында жаңа Салық және Бюджет кодекстерін әзірлеу міндеті тұр. «Мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы» және «Концессиялар туралы» заңдарды біріктіру бойынша жұмыстар жүргізілуде», – деп қорытындылады ведомство басшысы.

Сонымен қатар, форум барысында министр депутаттардың «Дипломмен ауылға» және «Ауыл – Ел бесігі» жобалары, сондай-ақ бизнесті қолдау шаралары, кешенді даму жоспарлары, тарифтік саясат, инфрақұрылымды жеткізу, сумен жабдықтау, жолдарды жөндеу және т.б. бойынша сұрақтарына жауап берді.