Отандық қару-жарақ, дулыға және қорғаныс қалқандарын өндірушілер өз өнімдерін сынақтан өткізе алмай отыр. Бұл туралы сенатор Жанна Асанова айтты.
Оның айтуынша, Қазақстанда атыс сынақтарын жүргізуге арналған тіркелген зертхана мен өндірілген жабдықтардың мемлекеттік стандарттар талаптарына сәйкестігін сертификаттау жөніндегі органдар жоқ.
Ол өзінің депутаттық сауалында тиісті зертхананың болмауына байланысты әскери қызметшілерге жеке қорғаныс құралдарын дайындау талаптарын белгілейтін ұлттық стандарт пайдаланылмай отырғанын айтты. Мемлекеттік органдар мемлекеттік сатып алу кезінде ресейлік ұқсас стандартты назарға алып келеді.
Сонымен қатар, күш құрылымдарды қорғаныс құралдарымен жабдықтау әскери қызметшілердің өмірі мен денсаулығын сақтау мәселесімен тікелей байланысты. Сенатор осы жағдайды жақсарту үшін бірқатар қадамдар ұсынды.
«Өндірілетін жеке қорғаныс құралдарының, оның ішінде оқ өтпейтін сауыттар мен дулығалар және қорғаныс қалқандарының жиынтығын мемлекеттік стандартқа сәйкестігін растайтын сенімді зертхана мен сертификаттау органдарының мәселесін қарастыру қажет. Сондай-ақ Қазақстанның отандық өндірушілері арасында жеке қорғаныс құралдарын сатып алу рәсімдерін өткізу мүмкіндігіне талдау жасау қажет», – деді Жанна Асанова Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына жолдаған сауалында.