Спорттық гимнастикадан Қазақстан жасөспірімдер құрамасы 3 медальға ие болды

Сингапурде спорттық гимнастикадан Азия чемпионаты өтіп жатыр. Жасөспірімдер арасындағы сында қазақстандықтар үш медаль жеңіп алды, деп хабарлайды федерацияның баспасөз қызметі

Қазақстан жасөспірімдер құрамасының мүшесі Зейнолла Ыдырысов ат снарядындағы жаттығу бойынша алтын жүлдегер атанды. Ол 13.950 ұпай жинаған. Бұл жаттығу бойынша күмісті Қытай, қоланы Жапония спортшылары иеленді.

Қол тіреп секіруден Темірбек Алтынхан 13.650 ұпай жинап, қола жүлдегер атанды. Алтынды Қытай, күмісті Филиппин гимнастары еншілеген.

Кермедегі жаттығу бойынша финалға шыққан Нұртан Ыдырысов 12.500 ұпаймен қола медаль жеңіп алды. Ол Жапония және Оңтүстік Корея спортшылары есе жіберген.

Жалпы командалық есепте Қазақстан құрамасы 4-орынға жайғасты.

Еске сала кетейік, бұған дейін Зейнолла Ыдырыстов Түркияда өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында қола медаль еншілеген болатын.