ҚР ҰЭМ басшысы Астана халықаралық форумы аясында бірқатар екіжақты кездесулер өткізді

Қазақстан Республикасының Ұлттық Экономика министрлігінің басшысы Әлібек Қуантыров БҰҰ Бас хатшысының көмекшісі, БҰҰ даму бағдарламасы әкімшісінің көмекшісі Ивана Живковичпен кездесті6деп хабарлайды ҚР ҰЭМ ресми парақшасында.

Министр БҰҰ делегациясына маңызды іс-шараға белсенді қатысқаны үшін алғысын білдірді. Сондай-ақ, ол Қазақстанның БҰҰДБ-мен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға, оның ішінде ҚР үшін 2021-2025 жылдарға арналған Елдік бағдарламаны іске асыруға мүдделі екенін атап өтті.

«Біз БҰҰ-ға мүшелікке кірген күннен бастап оның мақсаттары мен қағидаттарына сәйкес БҰҰ Жарғысында көзделген міндеттемелерді мүлтіксіз орындап келеміз. Ұйым қызметіне үлес қосу үшін қолдан келгеннің бәрін жасаудамыз», – деп атап өтті Ә.Қуантыров.

Өз кезегінде Ивана Живкович қазақстандық тарапқа жылы қабылдау мен қонақжайлық үшін алғысын білдірді.

«Астана халықаралық форумына шақырғаныңыз үшін көп рақмет. Менің ойымша, бұл екіжақты қарым-қатынасты нығайту үшін өте тиімді алаң. Форум ТДМ-ға қол жеткізуге үлкен үлес қосады. БҰҰДБ ұзақ мерзімді серіктестігіміз үшін алғысын білдіреді», – деді И.Живкович ханым.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар бірлескен жобаларды іске асыру, оның ішінде моноқалаларды, инфрақұрылымды, білім беруді дамыту және өңірлік диспропорцияны қысқарту бойынша белсенді жұмысты жалғастыруға келісті.

Сондай-ақ, ҚР ҰЭМ басшысы Руанда Республикасының Қаржы және экономикалық жоспарлау министрі Уззиель Ндагиджиманамен келіссөздер өткізді. Кездесу барысында сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту мүмкіндіктері талқыланды.

Ә.Қуантыровтың сөзінше, Қазақстан мен Руанда теңізге шыға алмайтын елдердің қатарында болғандықтан, сауда маршруттарын дамыту мәселесі өте маңызды. Екі ел бір-біріне Африка мен Орталық Азия елдерінің нарықтарына жол аша алады.

Өз кезегінде, У.Ндагиджимана мырза Руанданың сауданы, туризмді, креативті экономиканы дамытуға және тәжірибе алмасуға мүдделі екенін айтты.

Бұдан бөлек, Астана халықаралық форумы аясында Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр мен Азия Даму Банкінің Президенті Масацугу Асакаваның кездесуі барысында Ұлттық экономика министрі – Қазақстаннан Азия Даму Банкінің басқарушысы Әлібек Қуантыров пен Қазақстандағы АДБ тұрақты өкілдігнің директоры Нариман Маннапбеков ҚР Үкіметі мен АДБ арасындағы Білім және тәжірибе алмасу бағдарламасы бойынша қосымша келісімге қол қойды.