Қазақстандықтар өрттен зардап шеккендерге 47,4 млн теңге жинады

Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев министрлер кабинетінің отырысында Бородулиха ауылындағы өрттен зардап шеккендерге қандай көмек көрсетіліп жатқанын айтты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Нұрлан Ұранхаев Успен орман шаруашылығының қаза тапқан 14 қызметкерінің отбасына көмек көрсету жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты.

«Бүгінде бюджеттік және бюджеттік емес қаражаттан әр отбасына қажетті көмектің жеке карталары жасалды. Сонымен қатар өрттің салдарынан зардап шеккендерге көмек көрсету және жағдайды тұрақтандыру мақсатында «Ақ Ертіс» қайырымдылық қорында арнайы есепшот ашылды. Қорға 47,4 млн теңге келіп түсті. Барлық мемлекеттік төлем уақытылы және толық көлемде төленеді», – деп сендірді ол.

Әкім өртті және оның салдарын жою жұмыстары бақылауда екенін айтты.

Оның айтуынша, бүгінде өрттің жалпы ауданы 60 мың гектарға жуық, оның 43 мың гектары өрт шығу қаупі бар аймақтар. Бірақ елді мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ.

Абай облысындағы орман өртін сөндіру үш бағытта – оңтүстік, батыс және шығыс жиекте жалғасуда. Шығысында ауыр техника көмегімен өртке қарсы шара ретінде орманды шабу жүргізілуде. Ал қалған екі бағыт бойынша ыңғайсыз жер бедерінің салдарынан өрт сөндіру жаяу және тікұшақтардың көмегімен жүзеге асырылуда.

Әкімнің сөзінше, жалпы өртті сөндіруге 1 500-ге жуық адам, 300-ден астам техника жұмылдырылған.