Павлодар мұнай өңдеу зауыты 40 күнге жөндеуге тоқтатылады

Елімізде дизель мен А-95 бензинінің қажетті қоры қалыптасты. Бұл туралы Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев мәлім етті.

«Қазір жанар-жағармай саласында қызу жұмыс жүріп жатыр. Павлодар мұнай өңдеу зауыты 40 күнге жөндеу жұмыстарын жоспарлап отыр. Осы орайда дизель отыны мен А-95 бензинінің қажетті қоры қалыптастырылды. Әкімдіктермен бірлесіп қажет көлемдегі бензин және дизельмен қамту бойынша рейдтер жүргізіледі», – деді Алмасадам Сәтқалиев Үкімет отырысынан кейін журналистердің сауалына жауап бере тұрып.

Министрдің айтуынша, күзгі егін жинау маусымына дайындық ертерек қолға алынады.

«Қыркүйек айының басында Атырау мұнай өңдеу зауытын жөндеу жоспарлануда. Сондықтан отандық мұнай өңдеу зауыттарында мұнай өнімдерін тұрақты өндірумен қатар, импорттың қажетті көлемін қамтамасыз ету қажет», – дейді ол.