ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың таяудағы Қытай Халық Республикасына жасаған мемлекеттік сапарында екі елдің үкіметтері халықаралық автокөлік тасымалы бағытында өзара әріптестікті дамыту жөніндегі келісімге қол қойған болатын.
Бұл ретте Қазақстан мен көршілес елдің арасында осы саладағы алғашқы келісім 1992 жылы жасалғанын айта кетейік. Арада 30 жылға жуық уақыт өткенін ескерсек, аталған құжатты жаңартып, заман талабына сай бейімдеу қажет болды.
Мәліметтерге сүйенсек, 2022 жылдың қорытындысы бойынша екіжақты жүк тасымалы 65%-ға ұлғайып, 265 мың тоннаға жеткен. Сондай-ақ қытайлық жүктердің транзиттік тасымалы 2,6 есеге өсіп, 1,1 млн тонна көлемінде байқалды.
Ал жаңа келісімге сәйкес жүк тасымалы саласында цифрлы технологияларды енгізіп, көлік қатынасын жетілдіру, яғни барыс-келісті реттеу арқылы елдер арасындағы тауар тасымалының көлемін арттырып, сауда-экономикалық әрі көлік-логистикалық байланысты күшейту көзделген.
Мәселен, бұл құжат бойынша тараптар жыл сайын белгіленген мөлшерде рұқсат бланкілерімен алмасатын болады. Аталған құжат жолаушылар және жүк тасымалын жүзеге асыруға қажет. Көлік құралдарына арналған рұқсат құжаттарын тасымалдаушылар келісім жасасқан елдердің жауапты ведомстволарынан немесе оларға бағынышты ұйымдардан ала алады. Бұған қоса мүдделі тараптардың өтінішіне сәйкес өзара келісім негізінде қосымша мөлшерде тасымалдауға арналған рұқсат бланкілерімен алмасу жолдары қарастырылған. Осы орайда рұқсат бланкілері құзырлы органның мөрімен және оны берген жауапты тұлғаның қолымен куәландырылуға тиіс. Ал электронды форматтағы рұқсат құжатында жауапты тұлғаның электронды цифрлы қолтаңбасы болу қажет.
Бұл орайда берілген рұқсат бланкісін басқа тасымалдаушыларға немесе бір қолдан екінші қолға өткізіп, алмасып жүруге тыйым салынатынын ескерте кетейік. Аталған құжат тек бір сапарға, сондай-ақ жалғыз көлік құралына ғана жарамды. Сонымен қоса оны келесі жылдың 31 қаңтарына дейін ғана пайдалануға болады. Тіркемелі немесе жартылай тіркемесі бар аралас үлгідегі көліктерге арналған бланкілер тартқыш жүк көлігіне берілетінін атап өткен жөн.
Тиісті рұқсатты беру мен оны пайдалану түрі, көлемі, тәртібі және басқа да шарттары туралы шешімді осы келісімнің 17-бабына сәйкес бірлесіп құрылған комиссия қабылдайды.
Тұтастай алғанда, жоғарыда айтылған келісім аспан асты елімен арадағы алыс-берісті дамытып, халықаралық жүк автотасымалының тамырына қан жүгіртеді деп болжанып отыр. Сондықтан да екі мемлекет аталған сектордағы өзара тиімді әріптестікті дамытуға мүдделі әрі бұл бағыттағы бірлескен жобаларға басымдық бермек.