Бүгін Астанадағы ботаникалық бақта «Astana run challenge» 10 шақырым қашықтықтағы жарыстар сериясы басталды. Оған 400-ге жуық Астана тұрғыны мен қала қонақтары қатысты, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Ұйымдастырушылардың айтуынша бұқаралық спортты дамытуға бағытталған іс-шара үш бәсекелі жарыстан тұрады. Оның бірінші кезеңі бүгін Ботаникалық бақта басталды.
Екінші кезеңі 20 тамызда – Орталық саябақта, ал финал 17 қыркүйек күні Триатлон саябағында өтетін болады.
«Астана тұрғындарын жүгірудің алғашқы кезеңіне қатысуларымен құттықтаймын! Бұқаралық спортты насихаттау мақсатында ұйымдастырылған іс-шарамыз қаламыздың кереметтей саябақтарының бірінде өтіп жатыр. Жүгіру жарысын осындай форматта, елорданың саябақтарында өткізуіміз ешкімге кедергі жасамаймыз. Бүгінгі әрбір қатысушыға сәттілік пен жеңіс тілеймін!» — деп Астана қаласы бойынша Триатлон федерациясының президенті Евгений Больгерт өзінің ықыласын жеткізді.
Спорттық іс-шараны тек тұрғындар ғана емес, Астанадағы Индонезия елшілігінің қызметкерлері де қолдап, қатысты.
Әрбір кезеңде жеңімпаздар жас ерекшеліктеріне байланысты анықталады: 18-29, 30-39, 40-49, 50-59, 60 жастан асқандар.
Шара соңында жеңімпаздар ақшалай сыйлықпен, медальдармен марапатталды.