Елордада MINEX Kazakhstan-2023 XIII тау-кен геологиялық форумы өтіп жатыр. Бұл жер қойнауын игеру мен аса маңызды пайдалы қазбалардың өндірісін дамытуға бағытталған Орталық Азиядағы ауқымды іс-шара, деп хабарлайды ИИДМ баспасөз қызметі.
«Ұлттық дамудың игілігі үшін жер қойнауын игеру» аясында ұйымдастырылған форумның жұмысына ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Иран Шархан, Сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаров, ҚР ИИДМ Геология комитетінің төрағасы Еран Ақбаров, сондай-ақ әлемнің 30 елінен келген 500-ден астам инвестор, сарапшылар мен пайдалы қазбаның өндірісімен айналысатын компания өкілдері қатысты.
Оның барысында қатысушылар Қазақстандағы және Орталық Азиядағы тау-кен, сондай-ақ геология саласындағы жетістіктер мен өзекті мәселелерді әрі жер қойнауын игеру бағытында қажетті технологияларды енгізудің жолдарын талқылады.
«Пайдалы қазбалардың қоры жағынан еліміз үздік мемлекеттердің қатарында келеді. 2017 жылы жүргізілген құқықтық реформа арқылы геологиялық барлауға жеке инвестицияларды тартуға жол ашылды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 700-ден астам отандық юниор компания құрылып, сондай-ақ республикаға әлемдік нарықтың ірі ойыншылары тартылды. Қазір белгіленген учаскелерде зерттеу жұмыстарын нығайтып, геологиялық мәлімет алудың перспективаларын айқындау үшін мемлекеттік бюджеттің есебінен жер қойнауына мемлекеттік геологиялық зерттеу жүргізіліп жатыр», деді И.Шархан.
Бұл ретте 26-шы мамырда ҚР ИИДМ игерілмей жатқан кен орындарына инвестиция тарту мақсатында қатты пайдалы қазбалар бойынша алғашқы электронды аукцион өткізуді көздеп отырғанын еске сала кетейік. Онда жер қойнауын пайдалануға құқық беретін 25 кен орны саудаға қойылады.
Геология комитетінің төрағасы Ерлан Ақбаров 2027 жылға дейін белгіленген отандық геология саласын дамыту тұжырымдамасының іске асырылуы жөнінде қысқаша айтып берді.
«Қазақстанда геологиялық зерттеу мен барлау жұмыстарын күшейту үшін жүйелі шараларды қабылдауға тура келді. Осы бағыттағы өзекті мәселелерді шешудің тетіктері Геология саласын дамытудың 2027 жылға дейінгі тұжырымдамасында айқындалған. Маңызды құжаттың негізгі мақсаты – пайдалы қазбаларды барлау ісіне инвестиция тарту үшін қолайлы жағдай жасау», деген комитеттің басшысы геология саласындағы инвестициялық жобаларды талқылап, таныстыруға дайын екенін жеткізді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл форумның салалық сарапшылар, реттеуші органдар мен жер қойнауын пайдаланушылар және инвесторлардың өзара тәжірибе алмасуларына септігі мол. Бұл орайда Қазақстанның тау-кен секторы ұлттық экономиканың жүйе құраушы саласы саналатынын айта кеткен орынды. Қазір өнеркәсіптің осы сегментінде 273 мыңнан астамадам жұмыс істеп жүр.