ҚР Премьер-Министрінің орынбасары А. Көлгінов өңірге жұмыс сапары кезінде Алматы облысында мемлекеттік бағдарламалардың, сондай-ақ туризмді дамыту жөніндегі жобалардың іске асырылу барысымен танысты, деп хабарлайды Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.
Алматы облысы – болашағы жарқын, қарқынды дамып келе жатқан өңір. Бүгінде мұнда 1,5 млн-нан астам халық тұрады, оның 1,2 млн-нан астамы негізінен ауыл тұрғындары. Алматы облысында көші-қон мен бала туу деңгейінің жоғары болуына байланысты білім беруде жүктеме аса жоғары. Республикадағы барлық үш ауысымда оқитын мектептердің үштен бірі Алматы облысында орналасқан. Мұғалім тапшылығы бұл облыста өзекті күйінде қалып отыр. Бүгінде Қазақстан бойынша барлығы 3550, ал Алматы облысында 375 мұғалімнің орны бос. Бұл көрсеткіш жыл сайын артып келеді.
Премьер-Министрдің орынбасары Еңбекшіқазақ ауданы Рахат ауылдық округінің №1 орта мектебінде болып, оның ұжымымен кездесті. 2017 жылы салынған оқу орнының жобалық қуаты 600 оқушыға есептелген, алайда мұнда үш ауысыммен 1660 бала білім алуда.
Мұғалімдермен кездесуде қазіргі педагогтің шамадан тыс жүктемесі – тестілеу, қосымша білім беру, артта қалған оқушылармен жұмыс, жоба жұмыстары, олимпиадалар өткізу, көпшілік мұғалімнің бұған қоса сынып жетекшілігі бар екендігі жайлы мәселе көтерілді. Математика, физика, химия, биология сыныптарына қажетті құрал-жабдық жетіспейді.
Алтай Көлгіновтің айтуынша, үшауысымды мектеп мәселесін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы есебінен 3 жыл ішінде шешуге мүмкіндік бар. Сондай-ақ, басқа да қаржыландыру көздерін іске қосқан абзал. Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры, республикалық және жергілікті бюджеттер есебінен мектеп санын көбейтуге болады. Қазіргі таңда Алматы облысында 130 мың оқушыға арналған 60-тан аса жаңа мектеп ашу жоспарланып отыр. Үш жыл ішінде республикада барлығы 500-ден астам мектеп салынады, бұл 52 апатты жағдайдағы және 140 үшауысымдағы білім беру мекемесінің мәселесін толықтай шешуге мүмкіндік береді.
«Тәжірибелі педагогтер Мемлекет басшысына жолдаған үндеуінде мұғалімдерге арналған біліктілік тестілеуінің негізсіз күрделі екенін атап өтті, осы орайда Оқу-ағарту министрлігі оның мазмұнын қайта қарайды. Дегенмен, бұл мәселеде тепе-теңдікті табу қажет, өйткені басты міндет – ауыл мектептеріндегі балалардың білім сапасын қалалық деңгейге дейін көтеру», — деді Премьер-Министрдің орынбасары.
Бастауыш сынып оқушыларын тегін ыстық тамақпен қамтудың маңызы зор. Алматы облысындағы мектептердің 1-4 сынып оқушылары 2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап түскі аспен қамтамасыз етіледі.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы шеңберінде «Аманат» партиясының сайлауалды тұғырнамасында келесі жылдан бастап ауылдық жерлерге баратын мұғалімдердің жәрдемақылары 1,5-2 млн-нан 10 млн-ға дейін көтеріледі, сонымен қатар оларды баспанамен қамтамасыз ету бойынша да көмек көрсетіледі. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі әзірлеп жатқан жобаға сәйкес тұрғын үй құнының 50%-ын мемлекет есебінен субсидиялау жоспарланып отыр. Бағдарлама қабылданған кезде оның шарттары жас мамандардың ауылға баруына жақсы түрткі болады», — деп атап өтті вице-премьер.
Маман жетіспеушілігі денсаулық сақтау саласы үшін де өзекті. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Алматы облысында 172 дәрігер жетіспейді, ал республика бойынша бос жұмыс орындарының саны 4 мыңнан асқан.
Алтай Сейдірұлы Еңбекшіқазақ көпсалалы ауданаралық ауруханасында да болды. Биыл емдеу мекемесіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жаңа операциялық блок орналастырылып, жоғары технологиялық қондырғылар қойылады деп жоспарланып отыр.
«Ауылдық жерлерде денсаулық сақтау саласын жаңғырту жобасы аясында үш жылдың ішінде республикада 600-ден астам медициналық мекеме, оның 38-і Алматы облысында (15 дәрігерлік амбулатория, 11 фельдшерлік және 12 фельдшерлік-акушерлік пункт) салынады. Сондай-ақ Қазақстанда ұлғайту және жаңғыртуға жоспарланған 32 ауданаралық аурухананың екеуі осы ауданда орналасқан», — деп атап өтті ҚР Премьер-Министрінің орынбасары.
Алматы облысына сапары барысында А. Көлгінов «Ауыл аманаты» бағдарламасын жүргізу бойынша агроөнеркәсіп саласының өкілдерімен кездесті.
«Мемлекеттік бағдарламада ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге жан-жақты қолдау көрсетілген. 2023 жылы ауылдық жерлерде 18 мыңнан астам қосалқы шаруашылық және кәсіпкерлік нысанын құруға республикалық бюджеттен 100 млрд теңге бөлінеді. Алматы облысына 8,3 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр, бұл 1600 жеке қосалқы шаруашылық пен шағын өнеркәсіптің жұмысшыларын жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді», — деді А. Көлгінов.
Туризмнің дамуы аймақ үшін маңызды. Тау шаңғысы секторы еліміздегі болашағы бар бағыттардың қатарында.
Алматы облысына сапар аясында туристік саланы дамыту бойынша ұсыныстар талқыланды. Атап айтқанда, Алматы облысында тау шаңғысы курорттарын салу жоспарлары, бұл Шымбұлақты түсіруге, шетелдік туристер санын көбейтуге, сондай-ақ өңірге қосымша инвестициялар тартуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Мамандардың пікірінше, жаңа бағыттар – эко және агротуризм үлкен әлеуетке ие.