Бақытжан Сариев ҚР Президенті Кеңсесінің бастығы болып тағайындалды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
«Бақытжан Шөмішбайұлы Сариев Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бастығы болып тағайындалсын, ол Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік қызмет және кадр саясаты бөлімінің меңгерушісі лауазымынан босатылсын», – делінген жарлық мәтінінде.
Бақытжан Сариев 1971 жылғы 24 желтоқсанда Алматы қаласында дүниеге келген.
Қазақ мемлекеттік сәулет-құрылыс академиясын, Қазтұтыну одағының Қарағанды экономикалық университетін бітірген, мамандығы бойынша – инженер, заңгер.
1996-1999 жылдары Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінің Құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімінің маманы, аға маманы, референті, аға референті лауазымдарында жұмыс істеді.
1999 жылғы мамырдан 2019 жылғы наурызға дейін сыртқы саясат ведомствосы жүйесінде қызмет атқарды:
1999-2002 жылдары – Сыртқы істер министрлігінің Әкімшілік департаменті Кадр және бақылау басқармасының Бақылау бөлімінің бастығы;
2002-2003 жылдары – Сыртқы істер министрлігі Аппараты Кадр басқармасының бастығы;
2003-2007 жылдары – Сыртқы істер министрлігінің Аппарат басшысы;
2007-2019 жылдары – Сыртқы істер министрі Кеңсесінің басшысы; 2016 жылғы ақпаннан 2017 жылғы қазанға дейін Сыртқы істер министрлігінің Әдеп жөніндегі уәкілі міндетін қосымша атқарды.
2019 жылғы наурызда Қазақстан Республикасы Президентінің Кеңсесі бастығының орынбасары лауазымына тағайындалды.
2019 жылғы шілдеде Мемлекет басшысының Өкімімен Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік қызмет және кадр саясаты бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды.