Қорғаныс министрлігі әлеуметтік мәселелерді шешуге әзір

Әскери қызметшіні әлеуметтік қорғау – мемлекеттің басты міндеті. Сол себепті оларды тұрғын үймен қамтамасыз ету басымдықтардың бірі болып табылады. Қорғаныс министрлігі бұл мәселеге бірінші кезекте назар аударады.

Тұрғын үймен қамтамасыз ету саласындағы заңнама нормаларын түсіндіру мақсатында қорғаныс ведомствосының басшылығы мен өкілдері бұрынғы әскери қызметшілермен тұрақты түрде кездесулер өткізіп тұрады, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.

2018 жылы тұрғын үй заңнамасына енгізілген түзетулерден кейін Қарулы күштерде 10 жылдан 20 жылға дейін қызмет еткен адамдарға қалдық құны бойынша одан әрі жекешелендірумен тұрғын үйді айырбастау құқығы берілді. 2018 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша жекешелендіруге жатпайтын тұрғын үйде 742 адам тұрған. Олардың 335-і өз құқығын пайдаланған. Олар қызметтік тұрғын үйді қалдық құны бойынша жекешелендіретін қалалық пәтерлерге ауыстырды.

Бүгінгі таңда тұрғын үй айырбастау құқығын пайдаланбаған зейнеткерлердің негізгі бөлігі Алматы, Гвардейск, Сарыөзек, Қапшағай және Жетіген гарнизондарында тұрып жатыр.

Олармен қорғаныс ведомствосының өкілдері белсенді ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізуде. Соның нәтижесінде аталған адамдардың тұрғын үймен алмасу мәселесін шешуде оң өзгеріс байқалады.

Бұл мәселені шешу үшін Алматы гарнизонында 240 пәтерлік 2 тұрғын үйдің күрделі құрылысы басталды. Бүгінгі күні жобалық-сметалық құжаттаманы түзету бойынша жұмыстар жүргізілуде.