Елордалық ұландар көпірден секірмек болған қызды құтқарды

Нұр-Сұлтанда көпірден секірмек болған қызды Ұлттық ұлан сарбаздары құтқарып қалды, деп хабарлады Elorda.Info.

Белгілі болғандай, өз еркімен өмірмен қоштасқысы келген қыз 1991 жылы туған. Оқиға 2 маусым сағат 12.15 шамасында болған.

Ұлттық ұлан 5573 әскери бөлімінің әскери қызметшілері Сарайшық көшесінің бойындағы көпірден суға секірмек болған азаматшаны құтқарған.

Ұлттық ұлан сарбаздары Ерзат Нұрғалиев, Шон Қадұлрафик пен Фархад Апбазов алыстан көпірден секіргелі тұрған қыздың сұлбасын байқайды.

ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметінің мәліметінше, қатардағы Е.Нұрғалиев, жағдайды тез бағамдап, қыздың назарын өздеріне аударады. Сол сәтте қасынан велосипедпен кетіп бара жатқан азамат көлігінен түседі де көпірдің шетінде тұрған қызды екі қолымен құшақтап ұстап қалады. Дәл осы кезде ұландық жауынгерлер де келіп, қызды қауіпсіз жерге шығарады.

Оқиғаға орнына келген патрульдік топ бастығы кіші сержант Темірлан Рыстемір азаматшамен сөйлесіп, оны жұбатқан. Жағдай қалпына келе бастағанда полиция қызметкерлері мен жедел жәрдем оқиға орнына келген.

Белгілі болғандай 1991 жылғы азаматша өзінің жігітімен ұрысып қалғаннан кейін осындай жанкешті қадамға барғысы келген. Қызға алғашқы медициналық көмек көрсетіліп жатқанда, велосипедпен жүрген азамат қарапайымдылық танытып, ештеңе деместен үйіне кетіп қалған. Осылайша, оның кім екені анықталмаған.