Кеше ҚР ИИДМ басшысы Қайырбек Өскенбаев пен Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің қатысуымен жиын өтті. Алқалы басқосуда отандық ауыл шаруашылығы машиналарын жасау өндірісін дамыту мәселесі жан-жақты талқыланды, деп хабарлайды ҚР ИИДМ-нің баспасөз қызметі.
ҚР АШМ басшысының айтуынша, ауыл шаруашылығына қажетті негізгі техникаларды жаңалау қарқыны талап етілетін технологиялық жаңарту көлемінің 12,5 пайызын есепке алғанда жылына 3,5 пайыздан аспайды. Өз кезегінде машина-трактор паркін жаңалау деңгейінің төмендігі мен тозған техникалар санының көптігі ескі машиналарды жұмысқа қабілетті жағдайда сақтау үлкен шығынға алып келуде. Сонымен қатар Ербол Қарашөкеев отандық аспалы және тіркемелі машиналардың жеткіліксіздігіне ерекше назар аударды. Мәселен, 2021 жылы аталған техника түрлерінің бар-жоғы 8 200 бірлігі жеткізілген. Осы ретте айта кетерлігі, бұған дейін Қазақстанда ауыл шаруашылығы саласындағы қажеттіліктер үшін отандық көлік шығаратын кәсіпорындар түрлі мақсаттағы ондаған атаумен ауыл шаруашылығы техникасы мен оған қажетті қосалқы бөлшектерді шығарған болатын.
Жиын барысында тараптар отандық ауыл шаруашылығы машиналарын жасауды табысты дамыту мақсатында Ауыл шаруашылығы машиналарын құрастыру бойынша ведомствоаралық ғылыми-техникалық кеңес құруды ұсынды. Аталған кеңес ғылыми және конструкторлық ұйымдардың машина құрастыратын зауыттар мен ауыл шаруашылығы кәсіпорындарымен өзара ықпалдастығын үйлестіреді. Сонымен қатар «Агроинженерия ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС базасында Ұлттық ауыл шаруашылығы машиналарын құрастыру орталығын құру ұсынылды. Орталықта егіншілік шаруашылығы мен мал шаруашылығы бойынша арнайы конструкторлық бюро жұмыс істемек.
Жиын соңында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп қолға алынатын жұмыстар мен ұсыныстар ауыл шаруашылығы машиналарын құрастыруды және салаға қажетті техникалармен толыққанды қамтамасыз етуді жаңа деңгейге көтеретініне сенім білдірді. Бұл өз кезегінде импорттық өнімдерге деген тәуелділікті азайтуға септігін тигізбек. ИИДМ басшысы отандық нарықта ауыл шаруашылығы машиналарын шығаратын қазақстандық кәсіпорындар саны артып, олар шығарған өнімдер Қазақстанды ғана қамтамасыз етіп қоймай, экспортқа да шығарылуы тиіс екендігін атап өтті.