Елордада 1 маусым күні 107 бала дүниеге келді

Нұр-Сұлтан қаласында Балаларды қорғау күні көпбейінді ауруханалардың акушерлік блоктарында 107 нәресте дүниеге келді: 54 қыз бала, 53 ұл бала.

Дәрігерлердің айтуынша, сәбилер мен жаңа босанған аналар өздерін жақсы сезінеді.

«Маған екі баланың анасы болуы бақыты бұйырды. Жаңа туған қызымызға Кәусар деген есім бердік. Дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің қарым-қатынасы мен кәсібилігінің арқасында жеңіл босандым. Оларға деген алғысым шексіз», – дейді қала тұрғыны Зағира Сейітақынқызы.
Дәстүр бойынша жыл сайын 1 маусымда елордада балаларды қорғау күні дүние есігін ашқан нәрестелерге арналған іс-шаралар ұйымдастырылады. Бұл күні босанған әйелдерге елорда әкімінің атынан алғыс хаттар, нәрестелеріне арналған сыйлықтар табыс етілді.