ИИДМ басшысы Қазақстан-Қырғызстан авиация саласындағы ынтымақтастығы туралы үкіметаралық келісімге қол қойды

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев Қасым-Жомарт Тоқаевтың көршілес республикаға ресми сапары барысында Бішкек қаласында өткен Қазақстан мен Қырғызстан басшыларының шағын және кеңейтілген форматтағы екіжақты кездесулеріне қатысты.

ҚР ИИДМ басшысы екі ел арасындағы авиациялық, автомобиль және теміржол көлігі, экспорттық-импорттық және транзиттік тасымалдар, автожолдар құрылысы, жеңіл және ауыр өнеркәсіп, сондай-ақ қорғаныс-өнеркәсіп кешені саласындағы ынтымақтастықтың жай-күйі туралы ақпарат дайындады. Сонымен қатар, шешілмеген мәселелер мен шекаралық өткізу пункттерін жаңғырту және қайта құру тақырыбына ерекше назар аударылды.

Екіжақты кездесулер аяқталғаннан кейін министр Қайырбек Өскенбаев Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Министрлер Кабинеті арасындағы авиациялық іздестіру және құтқару саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Құжатты ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитеті дайындады. Қырғыз тарапынан құжатқа Көлік және коммуникация министрі Еркінбек Осоев қол қойды.

Аталған келісімнің мақсаты Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) стандарттары мен ұсынылатын практикасына сәйкес апатқа ұшыраған әуе кемелерінің жолаушылары мен экипаждарын іздестіру және құтқару үшін мемлекеттердің іздестіру-құтқару қызметтері арасындағы ынтымақтастықты дамыту және одан әрі нығайту болып табылады.