Көлік саласындағы ынтымақтастықты нығайту мәселесі талқыланды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қырғыз Республикасына ресми сапары қарсаңында Бішкекте Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің көлік саласындағы уәкілетті органдар басшыларының бесінші Кеңесі өтті, деп хабарлайды ИИДМ-нің баспасөз қызметі.

 Мамырдың 24-26 күндері аралығында ұйымдастырылған басқосу аясында, сондай-ақ «Транспорттық кешен – Еуразиялық экономикалық бірліктің өзегі» панельдік сессиясы тақырыбымен Еуразиялық экономикалық Форум да  өткізілді.

Шара барысында сарапшылар ЕЭО-ның басты әлеуетін айғақтайтын сапалы және инклюзивті экономикалық дамудың негізгі факторларының бірі – тұрақты көлік қатынасындағы мәселелерді жан-жақты талқылады.

Келіссөздер барысында тараптар бірқатар келісімге қол жеткізді. Атап айтқанда, келісімде Одақтың көліктік-логистикалық жүйесінің кешенді бөлігін құрайтын ұлттық көлік инфрақұрылымы мен қызметін дамыту қажеттілігіне ерекше маңыз берілген. Бұл өз кезегінде автокөлік, теміржол, су және әуе көліктері арқылы жүк тасымалын жаңа нарыққа шығаруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар көлік инфрақұрылымын жетілдіріп, аймақтағы жүк тасымалының тұрақтылығын қамтамасыз етеді.