Мектеп түлектері мінген көлік жол апатына ұшырады

25 мамырда Маңғыстау облысында жол апаты болып, жеті адам зардап шекті. Оның екеуінің жағдайы ауыр. Анықталғандай, жол апатына түскен көлікте мектеп бітіруші түлектер отырған, деп хабарлады Elorda.info.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің басшысы Мөлдір Әділдің айтуынша, жол апаты Сайөтес ауылы маңындағы тасжолда болған.

Салдарынан жеті адам түрлі дәрежелі жарақат алған, оның екеуінің жағдайы ауыр деп бағалануда.

Жол апатынан зардап шеккен екі адам санитарлық авиациямен облыстық ауруханаға жеткізілді. Олардың жағдайы ауыр. Қалған бес баланың жағдайы орташа ауыр. Олар Маңғыстау аудандық ауруханасында жатыр, – деді аурухана директорының орынбасары Орынгүл Мұқанова.

Оқу жылының аяқталуына байланысты Маңғыстау облысының полициясы күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.

Оқыс оқиғалар мен қайғылы жағдайлардың алдын алу мақсатында арнайы рейдтік шара ұйымдастырылды, – деп хабарлайды өңірлік полиция Instagram парақшасында.