ИИДМ-де Air Liquide компаниясымен ынтымақтастық перспективалары талқыланды

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Руслан Баймишев «Air Liquide» француз компаниясының вице-президенті Филипп Кристодулумен кездесті, деп хабарлайды ИИДМ-нің баспасөз қызметі.

Екі тарап еліміздегі энергетикалық болашақ және декарбонизация шеңберіндегі ықтимал бастамаларды, сондай-ақ өнеркәсіп саласындағы өзге де жобаларды дамыту мәселелерін талқылады. Сондай-ақ, «Жасыл» сутегі өндірісі саласындағы бірлескен жобаларды дамыту перспективаларына ерекше назар аударылды.

Қазақстанда энергия тиімділігін арттыру мәселесі туралы айта келе, вице-министр объектілерде энергия тұтыну көлемі 25 пайызға төмендегенін атап өтті.

«Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі энергия үнемдеуге және энергия тиімділігін арттыруға бағытталған шаралар қабылдауда. 2022-2026 жылдарға арналған Жол картасы әзірленіп жатыр. Бүгінгі таңда Парламент Мәжілісімен бірлесіп, энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласында реттеудің жаңа тәсілдерін енгізуге бағытталған бірқатар түзетулер пысықталуда. Атап айтсақ, бюджет секторын реттеуді және өңірлердің рөлін күшейту, энергия – аудиторлық қызметті жетілдіру, мемлекеттік сатып алуларда энергия тиімді өнімнің үлесін арттыру», – деді Руслан Баймишев.

Айта кетерлігі, Франция еліміз үшін маңызды сауда-экономикалық серіктес болып табылады. Кездесуде вице-министр ынтымақтастықты одан әрі дамытуға, оның ішінде өнеркәсіптік кооперация саласындағы жаңа жобалар бойынша ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі екендігін білдірді.