Елордалық жастар конституциялық реформаларды түсіндіру бойынша кездесу өткізді

Astana IT University ғимаратында конституциялық реформаларды түсіндіру бойынша Республикалық қоғамдық қолдау штабының мүшелері елордалық жастар бірлестіктері өкілдерімен кездесуі өткізді. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты хабарлайды.

Кездесуде Республикалық волонтерлер Фронт-офисі жобасының үйлестірушісі Айбек Досымбетов, Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығының мемлекеттік органдармен жұмыс жөніндегі менеджері Әлішер Құмарғалиев, BIRGEMIZ республикалық волонтерлік фронт-офисінің үйлестірушісі Перизат Қайратқызы секілді белсенді жастар бас қосты.

«Бізге, яғни жастарға өзгерістер мен демократия қажет. Біз басқа буынбыз және тәуелсіз елде өмір сүріп жатырмыз. Бостандықтың не екенін білеміз және түсінеміз, өз әлеуетімізді, арманымызды жүзеге асыру үшін бізге тең мүмкіндіктер қажет. Осыған байланысты Президент өзінің наурыздағы Қазақстан халқына Жолдауында түбегейлі жаңа конституциялық тепе-теңдікті қалыптастыру міндетін қойды. Елдің саяси жүйесін жаңарту мен жаңғырту жолы қоғам мен ел өміріне жан-жақты ықпал етеді, ал жаңа Қазақстан мен екінші республика жаңа тәсілдерді талап етеді.

Осыған байланысты баршаңызды, әсіресе, жастарды 5 маусымда референдумға барып, жаңа Қазақстан үшін дауыс беруге шақырамын», – деді Әлішер Құмарғалиев.

Жиын қатысушылары Конституцияның ел дамуындағы рөлі мен конституциялық реформаның «Жаңа Қазақстанды» құрудағы маңыздылығын талқылап, өздерінің белсенді азаматтық ұстанымдарын білдірді. Сол сияқты көкейкесті мәселелерді қозғап, ұсыныстарын да айтты.

Айта кетейік, Қазақстан халқы Ассамблеясының «Ел бірлігі – жаңарған Қазақстанның тірегі» атты ХХХІ сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ата Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде республикалық референдум өткізуді ұсынған болатын.