Металл сынықтары жетіспегендіктен, еліміз шетелдік қалдықтарды импорттауға мәжбүр болып отыр.
Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифинг барысында ИИДМ Индустриялық даму комитеті төрағасының орынбасары Тұрар Жолмағамбетов мәлімдеді.
Қазақстанда дайын өнім шығару үшін металл сынықтары мен қалдықтарын негізгі шикізат ретінде пайдаланатын 20-дан астам ірі кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың қатарында «Қайнар-АКБ» ЖШС сияқты маңызды өндіріс орны бар. Аталған компания өндірілген батареялардың 80 пайызын ішкі нарыққа жеткізеді, қалған 20 пайызын жыл сайын 50-60 миллион доллар көлемінде экспортқа шығарады.
Өңдеу өнеркәсібінің басқа кәсіпорындары металл сынықтарынан жылыту радиаторларын, терезе профильдері мен автомобиль дискілерін, кабельдер, сымдар, монеталар, құрылысқа арналған арматуралар, мұнай-газ өнеркәсібіне арналған құбырлар және басқа да тауарларды өндіреді. Бұл компаниялар өндірісінің жиынтық көлемі 2 трлн теңгеден асады. Ал, экспорт көлемі $2,5 млрд АҚШ долларынан астам болса, төленетін салықтар 100 млрд теңгеден артық.
Қазіргі уақытта қазақстандық қайта өңдеушілерге ішкі сынық айналымы жетіспейді, сондықтан олар көрші мемлекеттерден қайталама шикізатты импорттауға мәжбүр болып отыр.
Қалыптасқан жағдайға байланысты ҚР ИИДМ қара және түсті металдардың сынықтары мен қалдықтарын Қазақстан аумағынан шығаруға уақытша тыйым салуды енгізу туралы жедел шешім қабылдады.
Шектеу шараларын шұғыл түрде енгізуге негізгі себеп отандық қайта өңдеу кәсіпорындары үшін қайталама шикізаттың жетіспеушілігі болып отыр.
«2010 жылдан бастап еліміз бойынша индустрияландыру саясаты белсенді жүргізілуде. Оның басты басымдықтарының бірі – шикізат өндіруден дайын өнімді өндіруге және экспорттауға көшу. Осыған сәйкес өндірушілерден шикізатты, атап айтсақ өндірілетін пайдалы қазбаларды да, қара және түсті металдардың сынықтарын да барынша терең қайта өңдеу талап етіледі. Сондықтан біз қайта өңдеушілерді қайталама шикізаттың қажетті көлемімен қамтамасыз етуді көздеп отырмыз. Ол үшін қара және түсті металдардың сынықтары мен қалдықтарын шығаруға уақытша шектеу енгізіледі», – деді Т.Жолмағамбетов.
Индустриялық даму комитеті төрағасының орынбасары атап өткендей, толық шектеу түсті сынықтар мен қалдықтарды елден шығару бойынша енгізіледі, ал қара металдардың сынықтары мен қалдықтарын бұрынғысынша Қазақстан шекарасынан теміржол көлігімен тасымалдауға рұқсат етіледі.