«Барыстың» хоккейшісі Қазақстан құрамасының сапында ойнаудан бас тартты

«Барыстың» швециялық шабуылшысы Якоб Лилья Қазақстан құрамасында ойнайды деген ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды Prosports.kz.

«Мен Қазақстан үшін әлем чемпионатында ойнамаймын. Олар менің сонда болғанымды қалады. Мен оларға ҚХЛ-да ойнамайтын болсам, Қазақстан құрамасында да ойнамайтынымды айттым», – деп келтіреді HockeyNews.se Лильяның сөзін.

Бұған дейін ұлттық құрамаға «Авангард» қорғаушысы Виктор Сведберг келген болатын.

Лилья «Барыс» сапында 2020 жылдан бері өнер көрсетіп келеді, ол Құрлықтық хоккей лигасында 117 матч өткізіп, «-3» пайдалылық көрсеткішімен 66 (39+27) ұпай жинады.

Еске салайық, шайбалы хоккейден әлем чемпионаты 13-29 мамыр аралығында Хельсинки мен Тампереде (Финляндия) өтеді. Қазақстан құрамасы Канада, Словакия, Германия, Дания, Швейцария, Италия және Франция құрамаларымен бірге А тобында өнер көрсетеді.