ҚР ИИДМ-де «Әлихан Бөкейхан және тәуелсіздік тағылымы» тақырыбында дәріс өтті

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде «Әлихан Бөкейхан және тәуелсіздік тағылымы» тақырыбында ашық дәріс ұйымдастырылды, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.

Кездесуге «Алаш» қозғалысының тарихын зерттеуші, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ғылыми-зерттеу институтының директоры Сұлтанхан Жүсіп және министрліктің қызметкерлері қатысты.

Жиын барысында қоғам қайраткерінің өмірі мен шығармашылығы туралы айтылды. Көзделген негізгі мақсат – «Алаш» партиясы көшбасшысының қазақ халқының тәуелсіздік алуы жолында сіңірген еңбегін насихаттап, тәуелсіздік жолында аянбай қызмет еткен тарихи тұлғаларға деген құрмет пен жастардың бойында патриоттық сезімді одан әрі арттыра түсу.

Ә. Бөкейхан XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басындағы қазақ зиялыларының, қоғам және мемлекет қайраткерлері қатарындағы ерекше тұлға, Алаш қозғалысының жетекшісі, публицист, ғалым болғаны баршаға мәлім. Дегенмен, Əлихан Нұрмұхамедұлы бір ғылым саласымен шектеліп қана қойған жоқ. Оның еңбектерінен қазақ халқының экономикасына, тарихы мен мəдениетіне қатысты түрлі деректерді кездестіруге болады.

«Алаш қайраткерлері біздің бүгінгі заманауи мемлекетіздің іргетасын қалап, шекарасын шегелеп кетті. Олар тек қана партиялық ұйымдастыру, саяси қайраткерлік істермен ғана шектелмей, қазақ тарихы мен әдебиетіне, ғылым мен білім саласына, мәдениет пен руханиятқа өшпес із қалдырды», – деді «Алаш» ғылыми-зерттеу институтының директоры С.Жүсіп.

Айта кетерлігі, екі сағатқа созылған іс-шараға қатысушылар тарапынан Алаш ардақтысының шығармашылығына деген асқан қызығушылық байқалды.