Су тасқыны: Елорда аумағындағы жағдай бақылауда

Қала әкімдігі мен ТЖ департаменті қар тазалау жұмыстарын уақытылы жүргізіп, су тасқыны қаупі бар 25 учаскеге ерекше назар аударып отыр. Елорда аумағында су тасқыны жағдайы туралы онлайн брифингте Нұр-Сұлтан қаласы ТЖД төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Бауыржан Бейсенқанов айтып берді, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

«Бүгінгі таңда елордада су тасқыны жағдайы ерекше бақылауда. Су тасқыны жағдайы жөнінде үйлестіруді жүзеге асыру үшін осы жылдың 1 сәуірінен бастап қалалық жедел штаб құрылды, аудандық әкімдіктерде су тасқынына қарсы комиссиялар жұмыс істейді, қар, арық және нөсер желілерін тазалау бойынша кең ауқымды профилактикалық жұмыс ұйымдастырылды», – деп хабарлады Бауыржан Бейсенқанов.

Мәселен, 4 сәуірдегі деректер бойынша елордада 40 640 п.м. арық-науа желісі (жалпы ұзындығы– 53,7 км) тазартылды. Қарды уақытылы тазалау ерекше бақылауда. Бүгінгі күні қала аумағынан 7 қар полигонына 4,5 млн текше метрден астам қар шығарылды.
Су тасқыны қаупі бар учаскелерде инженерлік және су айдау техникасы мен 169 адам, 103 бірлік техникасы, 34 мотопомпасы мен 2 қайығы бар команда бекітілген. Тәулік бойы азаматтардың барлық өтінішін 112 құтқару қызметі мен IKomek қызметі қабылдайды. Ал IKomek су сору техникасын тиісті орынға жедел тәртіппен жібереді.

Су тасқынына қарсы іс-шараларды жүргізу үшін «Астана Тазалық» ЖШС базасында 7300 дана қап, 10 000 тоннаға жуық инертті материал, оның ішінде 9300 тонна ұсақ тас, 155 тонна құм, 500 тонна құм-тұз қоспасы дайындалды. 7 ақпаннан бастап бүгінге дейін ТЖД қызметкерлері тұрғындарды үй маңындағы қарды көшеге уақытылы шығару қажеттілігі туралы ақпараттандыру үшін қаланың тұрғын үй секторларын аралап жүр. Бүгінгі күні 115 рейд өткізіліп, 10500 аула қамтылды, 13000 дана үгіт материалдары таратылды.

«Құрметті тұрғындар, жеке тұрғын үй аумағындағы қарды уақытылы күреу жауапкершілігі үй иесіне жүктеледі. Осыдан кейін механикаландырылған тазарту үшін, ағын су үй аумағына өтпес үшін құбырларға бұруды ұйымдастыруы керек», – деп ескертті спикер.
Су басқан жағдайда IKomek қалалық мониторинг және жедел әрекет ету орталығына 109 нөмірі бойынша, құтқару қызметіне 112 нөмірі бойынша дереу хабарлау керек.