Газбен жүретін көлікті тексерістен өткізу тәртібі өзгереді

Елде газ баллон тексеретін орталық жетіспейді. Бұл туралы kolesa.kz жазды.

ҚР ИИДМ міндетті техникалық тексерісті ұйымдастыру және өткізу ережесіне өзгеріс енгізуді жоспарлап отыр. Жобада аталған құжаттың газ баллон орнатылған көлікті тексеруге арналған 31-тармағы 6-тармақшасы, 32-тармағы 8-тармақшасы және 32-1-тармағын 2022 жылғы 1 қазанға дейін тоқтата тұру көзделген.

Министрліктің көлік бақылау басқармасы Kolesa.kz редакциясына хабарлағандай, 2021 жылы қарашадан бастап Қазақстанда газ баллон тексерумен айналысатын арнайы орталықтар ашылуы керек еді. Бірақ сұраныс болмады. Кәсіпкерлер бұл қызмет түрін ашуға асығар емес, қазір бүкіл Қазақстанда мұндай орталықтың сегізі ғана жұмыс істеп тұр.

Адамдар көлігін тексерту мақсатында мыңдаған шақырым жол жүрмес үшін ережедегі кейбір тармақтың қызметін тоқтата тұру туралы шешім қабылданды. Енді орталықтар жұмыс істеуге толық рұқсат алғанға дейін күтуге тура келеді.