Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов өзінің Facebook-парақшасында ҰБТ-ге қатысты жаңалықпен бөлісті.
«Жақсы жаңалық та бар. Инстаграмда мені белгілеп, грантқа түсу үшін бір емес, екі рет ҰБТ тапсыру туралы өтініш жазып жүргендеріңізді білемін. Шешім қабылдау кезінде біз оқушылардың ұсынысын, қызығушылығын назардан шығармауға тырысамыз. Сол себепті осы жолы да сіздердің ұсыныстарыңыз бойынша шешім қабылдадық. Яғни енді сіздер екі рет ҰБТ тапсырып, грантқа түсуге мүмкіндік аласыздар», делінген министр жазбасында.
Министр бұл шара эмоционалды стресс деңгейін төмендететінін айтты. Сондай-ақ түлектерге сәттілік тіледі.
«Қымбатты түлектер! ҰБТ сынағынан сүрінбей өтулеріңізге тілектеспін. Білімдеріңіздің арқасында жоғары нәтижеге қол жеткізіп, грантқа ие болыңыздар! Баршаңызға сәттілік тілеймін!», деді министр.