Елордада көпбалалы отбасыларға тұрмыстық техникалар сыйға тартылды

Нұр-Сұлтан қаласында Наурыз мерекесі қарсаңында әлеуметтік жағдайы төмен және көпбалалы отбасыларға «Технодом» компаниясының демеушілігімен тұрмыстық техникалар тапсырылды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Аталмыш шараға Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігінің өкілдері, Нұр-Сұлтан қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Қайрат Қамбаров, Нұр-Сұлтан қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасының жастармен жұмыс бөлімінің басшысы Ақұлан Тастемір, сол сияқты «Жас Сарбаз» қозғалысының өкілдері қатысты.

«Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі Наурыз мейрамымен арнайы құттықтап отыр. Алғысымыз шексіз. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!» – деді көпбалалы ана Карина Абаева.

Қайырымдылық іс-шарасы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі мен ҚР ҚК Ұлттық әскери-патриоттық орталығының қолдауымен, «Жас Сарбаз» жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы РҚБ Нұр-Сұлтан қалалық филиалы мен Нұр-Сұлтан қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасының ұйымдастыруымен өтті.

«Бізді мереке күндері осылай елеп, құттықтағандарыңызға алғысым шексіз. Бұл біздің жүрегімізге қуаныш ұялатады. Біздің өсіріп отырған ұл-қыздарымыз ертеңгі күні еліміздің дамуына өз үлесін қосатынына сенімім мол», – деді көпбалалы ана Гүлнәр Тоқтар.