Сархат Бейсенова: Елордада бетперде тағу режимі тек далада ғана тоқтатылды

Нұр-Сұлтанның бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Сархат Бейсенова қаладағы жабық үй-жайларда маска режимі міндетті екенін мәлім етті. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты қаланың санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне сілтеме жасап хабарлайды.

Нұр-Сұлтан қаласында COVID-19 бойынша науқастар санының азаюын ескере отырып, 16 ақпаннан бастап «сары», ал 21 ақпаннан бастап эпидемиологиялық матрицаның «жасыл» аймағына өткен болатын.

Қалада тәулігіне алғашқы зертханалық расталған 3 жағдай тіркелді және өсім 0.01%-ды құрады. Соңғы аптада COVID-19 бойынша 55 жағдай тіркелді, бұл алдыңғы аптамен салыстырғанда 2,04 есе, яғни 100 мың тұрғынға шаққанда 9,2-ден 4,5-ке дейін төмендегені байқалады.

«Коронавирус бойынша эпидемиологиялық жағдайдың тұрақталуына байланысты республиканың Бас санитарлық дәрігері кейбір карантиндік шектеулерді алып тастау туралы шешім қабылдады. Яғни эпидемиологиялық қауіп-қатердің барлық аймағында, оның ішінде Нұр-Сұлтанда да көшеде міндетті маска режимінің алынып тасталды.

Алайда, 5 жасқа дейінгі балаларды, адамдардың тамақтану кезінде, сондай-ақ спорт сабақтарын өткізу кезеңін қоспағанда, жабық үй-жайлардың аумағында, яғни СОО-да, кинотеатрларда, фитнес клубтарда, қоғамдық тамақтану нысандарында және т.б. орындарда маскасыз кіруге және маскасыз жүруге жол берілмейді. Сонымен қатар, нысан әкімшілігі мен жауапты адамдар келушілер мен қызметкерлердің міндетті түрде бетперде тағуын бақылауы керек», – деді Нұр-Сұлтанның бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Сархат Бейсенова.

Оның айтуынша «жасыл» және «сары» аймақтардағы барлық нысанда «Ashyq» мобильдік қосымшасын қолдану субъектінің шешімі бойынша ерікті түрде, қызметіне шектеу қоймай жүзеге асырылады.

«Елорда тұрғындары мен қонақтарын қарапайым қауіпсіздік шараларын ұмытпауға шақырамын. Пандемия жағдайында өмір сүріп жатқанымызға, мінеки, екі жыл болды. Осы уақыт ішінде азаматтар өз әрекеттері үшін жауапкершілікті сезініп, барлық қауіпсіздік шараларын сақтауды үйренді деп ойлаймын. COVID-19-дан жалғыз қорғаныс – вакцинация болып қала бермек. Сондықтан иммунитетті нығайту үшін қайта вакцинациядан өтуге шақырамын», – деді Сархат Бейсенова.