Бүгін ауа райы қандай болады?

Қазгидромет 14 наурызға арналған ауа райы болжамын жариялады.

Хабарламаға сүйенсек, бүгін Қазақстан аумағының басым бөлігінде атмосфералық фронтальды бөліктердің өтуіне байланысты құбылмалы ауа райы күтіледі. Жауын-шашын жауады, республиканың солтүстік жартысында көбінесе қар түрінде жаяу бұрқасынмен, оңтүстік жартысында жаңбыр түрінде, оңтүстік, оңтүстік-шығыстың және шығыстың таулы аудандарында қатты жауын-шашын (жаңбыр, қар) болады.

Республика бойынша жел күшейіп, тұман, көктайғақ күтіледі.

Еліміздің оңтүстігінде найзағай болады.

Түркістан облысының тау және таулы аудандарында найзағай, тұман түседі, жел 15-20 м/с жылдамдықпен соғады.

Жамбыл облысының солтүстігінде, таулы аудандарында тұман, көктайғақ күтіледі, облыстың оңтүстік-батысында, таулы аудандарында желдің жылдамдығы 15-20, екпіні 23 м/с жетеді.

Шығыс Қазақстан облысының солтүстігінде тұман, түнде батысында, орталығында жаяу бұрқасынмен жел 15-20 м/с күшейеді.

Қарағанды облысының солтүстігінде, орталығында жаяу бұрқасын, көктайғақ күтіледі, облыстың батысында түнде және таңертең тұман, күндіз орталығында және шығысында 15-20 м/с жел күшейеді.

Павлодар облысының оңтүстік бөлігінде жаяу бұрқасын күтіледі, облыстың солтүстігінде, шығысында жел 15-18 м/с жылдамдықпен соғады.

Солтүстік Қазақстан облысының оңтүстігінде жаяу бұрқасын, түнде оңтүстік-шығысында жел 15-20 м/с дейін күшейеді.

Ақмола облысының шығысында, күндіз Батыс Қазақстан облысының солтүстігінде жаяу бұрқасын күтіледі.

Маңғыстау облысының солтүстігінде, түнде шығысында, күндіз Атырау облысының солтүстігінде тұман, көктайғақ күтіледі.

Алматы облысының солтүстігінде және таулы аудандарында тұман күтіледі, облыстың шығысында жел 15-20 м/с күшейеді.

Ақтөбе облысының батысында, оңтүстігінде, Қостанай, Қызылорда облыстарының солтүстігінде тұман түседі.