Партияның «AMANAT» деп аталуының себебі айтылды

«Nur Otan» партиясының партияның атқарушы хатшысы Асхат Оралов партияның «AMANAT» деп аталуының себебін айтты.

«Біріншіден, «AMANAT» – мемлекет мүддесі үшін тарихи жауапкершілікті алған партия.

Тәуелсіз мемлекетіміз, еліміз бен жеріміз – ата-бабамыздың бізге қалдырған аманаты. Осы аманатты халық игілігі үшін сақтап қалу, келер ұрпақтарға жеткізу – ел тұтқасын ұстаған бас партия үшін ең үлкен жауапкершілік.

Екіншіден, «AMANAT» – халық мұрасын сақтаушы партия.

Тамыры терең тарихымыз, мәдениетіміз бен әдебиетіміз, тіліміз бен салт-дәстүріміз – Тәуелсіз Қазақстанның барша азаматтарының мұрасы.

Осы мұраны біртұтас елдің ортақ мүддесі үшін аманат ретінде көздің қарашығындай сақтап, дамуына жағдай жасау – партияның ірі міндеттерінің бірі.

Үшіншіден, «AMANAT» – мемлекеттік мүддеге адал, қоғам игілігіне жұмыс істейтін партия.

Халық ұғымында «аманатқа қиянат жасалмайды», яғни аманатты сақтаушы партия мүшелері – ең әуелі мемлекет мүддесіне адал азаматтар.

Төртіншіден, «AMANAT» – сайлаушылар аманатын орындайтын, халық үніне құлақ асатын партия.

Халықтың үні – сайлау кезінде азаматтардың талап-тілегі мен партияға тапсырған аманаттары. Олар сайлауалды бағдарламаға енгізілді. Партия сайлаушылардың аманатын орындау арқылы елге қызмет етеді. Барлық аймақтардағы қабылдау бөлмелері мен қоғамдық кеңестері арқылы халықтың мұң-мұқтажына құлақ түріп, билік органдарына жеткізіп, оң шешім қабылдануына ықпал етеді.

Бесіншіден, «AMANAT» – қоғамдағы әлеуметтік әділдікті жақтайтын, барша азаматтарға тең мүмкіндік беруді қолдайтын партия.

Біз бір-біріне қолдау білдіретін, мықтылары әлсіздерге жәрдем беретін, әлеуметтік әлсіз топтардың мүддесін қорғайтын қоғам құруға ұмтыламыз. Аманат сақталған жағдайда қоғамда адамдар арасындағы бауырмалдық, сенім мен мейірім күшейеді, ел ішінде ырыс-береке ұялайды.

Алтыншыдан, «AMANAT» – отбасы құндылықтарын, қоғамдық бірлікті насихаттайтын партия. Тәуелсіз Қазақстанды өркендететін келер ұрпақ болғанда, зиялы, көзі ашық, тәрбиесі көркем ұрпақты тәрбиелеу – ата-ананың, қоғамның және мемлекеттің мойнындағы аманат. Сондықтан партия отбасы институтының берік болуына, ұлттық бала тәрбиесіне, ана мен баланың құқығының қорғалуына баса назар аударады.

Жетіншіден, «AMANAT» – мемлекетті басқаруға көрсетілген сенім.

Бір ұжымның қызметкерлері – басшыға, сайлаушылар – партияға, халық – Президентке аманат.

Парламентте, жергілікті мәслихаттарда конституциялық басымдыққа ие, Үкімет пен жергілікті атқарушы билікті қадағалайтын партия ретінде мемлекетті дамытуға, оны озық елдердің қатарына қосуға, халық тұрмысын жақсартуға күш саламыз. Осы мақсат жолында партия Президенттің қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларын толықтай жүзеге асыру үшін оған жан-жақты қолдау көрсетеді», делінген Асхат Ораловтың Facebook-тегі жазбасында.