4 алтын, 4 күміс: «Странджа» бәсекесі жерлестеріміз үшін сәтті өтті

Болгария астанасында бокстан халықаралық турнир аяқталды. Осымен 73-ші рет ұйымдастырылған «Странджа» бәсекесі жерлестеріміз үшін сәтті өтті, деп хабарлайды 24kz.

17 боксшымыз жүлдеге ілікті. Қазақстан құрамасы 4 алтын, 4 күміс және 9 қола жеңіп алды. Атап айтқанда, жеңіл салмақтағы Махмұт Сабырхан мен ауыр салмақтағы Сағындық Тоғамбай барлық қарсыласын айқын басымдықпен ұтты. Ал қыздар арасында Назым Қызайбай мен Валеньтина Хальзова алдына жан салмады. Күміс жүлде Дина Жоламан мен Ләззат Күнгейбаеваға бұйырды. Бұған қоса, Дамир Әбдіқадір және Дулат Бекбауов та финалда ғана қарсыластарына есе жіберді. Айта кетейік, Софиядағы додаға 36 елден 500-ге жуық қатысушы жиналды.

Олар бір апта бойы өзара мықтыны анықтады.

Әуесқой боксшылар үшін бұл жылдың алғашқы халықаралық бәсекесі саналады.