Олимпиада-2022: қазақстандық ту ұстаушылардың костюмі Лозанна музейіне қойылады

Бейжіңдегі қысқы Олимпиадада қазақстандық ту ұстаушылардың костюмі спорт шарасының тарихындағы ең үздік киім үлгісі деп танылды. Бұл туралы Ұлттық олимпиада комитетінің бас хатшысы Андрей Крюков мәлімдеді, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі Sputnik.kz сайтына сілтеме жасап.

«Ту ұстаушы костюмі Олимпиада ойындары тарихындағы ең үздік деп танылды. Сәуірде оны Олимпиада музейіне табыстаудың салтанатты шарасы өтеді. Лозанна музейіне келушілер біз жайлы білгенін қалаймыз», – деді Крюков.

Еске салсақ, Қазақстан туын коньки тебуші Екатерина Айдова мен шорт-трекші Абзал Әжіғалиев ұстады. Олар Бейжіңдегі Олимпиада ойындарының ашылу салтанатында Сақ патшайымы Тұмар мен қазақ батырының бейнесіндегі тарихи үлгідегі киім киіп шықты. Қысқы Олимпиадада ту ұстаушылардың киімінде негізгі ою ретінде «қошқар мүйіз» өрнегі қолданылды.
Ою-өрнек элементтерін дайындау барысында дизайнерлер Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейімен бірлесіп жұмыс атқарды.

Ал 2020 жылы Токиода өткен жазғы Олимпиада кезінде ту ұстаушылардың костюмін дайындаған қазақстандық дизайнер-модельер Виолетта Иванова биылғы қысқы Олимпиададағы ту көтерушілердің де киімін әзірледі.