Қаңтар оқиғалары салдарынан 273 полиция қызметкері мен әскери қызметші мүгедек болып қалды. Бұл туралы ҚР ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бұған дейін атап өткендей тәртіпсіздіктер барысында 3 мыңнан астам құқық қорғау органдары қызметкерлері және әскери қызметшілер әртүрлі дене жарақаттарын алды. Оның ішінде атыс және пышақтау жарақаттары, сондай-ақ басқа да ауыр зардаптар бар. Қазіргі уақытта медициналық мекемелерде жаппай тәртіпсіздіктер барысында ауыр жарақат алған 273 қызметкер мен әскери қызметші емделуде. Олардың бір бөлігі осы уақытқа дейін жан сақтау бөлімінде. Өкінішке орай олар ары қарай жұмыс жасай алмайды, іс жүзінде мүгедек болып қалды», – деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында.
Оның атап өтуінше, полиция қызметкерлері мен әскерилерді қатыгездікпен ұрып-соғудың, сондай-ақ әкімшілік және өзге ғимараттарға шабуыл жасаудың кадрлары әлеуметтік желілерде жеткілікті мөлшерде бар. Олардың көпшілігін тәртіпсіздіктерге қатысушылардың өздері таратты.