Ұлттық компаниялардың сатып алу процесін реттейтін заң қолданысқа енгізілді – Жамаубаев

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысының жақында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын іске асыру жөніндегі шаралар талқыланды.

Президенттің тапсырмаларын орындауға бағытталған шаралар туралы қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев баяндады.

Кеден саласын тәртіпке келтіру мақсатында жедел және жүйелі шаралар қабылданып жатыр. Оның ішінде, әсіресе, цифрландыру басым бағыт болады. Жедел шаралар бөлігінде декларацияларды бақылау және шығару жөніндегі кедендік функциялар орталықтандырылды.

9 уәкілетті экономикалық операторларға және басқа да ірі импорттаушыларға қатысты тексерулер аяқталуда. Шекарадағы электрондық кезек жүйесін жетілдіру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Уәкілетті экономикалық операторларға қойылатын біліктілік талаптары заңнамалық түрде күшейтілетін болады.

«Жүйелі шаралар аясында АСТАНА-1 және Е-терезе ақпараттық жүйелері жетілдірілуде. Тәуекелдерді басқару жүйесіне субъектіге бағдарланған тәсіл және деректерді интеллектуалды талдау енгізіледі. Электрондық шот-фактуралар негізінде тауарларды қадағалау жүйесін одан әрі дамыту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл импорттан бастап тұтынушыға дейінгі барлық өткізу тізбегі бойынша салықтық бақылау жасауға мүмкіндік береді», — деді Ерұлан Жамаубаев.

Сонымен қатар ҚХР-мен кедендік статистиканың алшақтығын төмендету, сондай-ақ кедендік инфрақұрылымды жаңғырту бойынша кешенді шаралар қабылданып жатыр. Жалпы, биыл кедендік әкімшілендіруді күшейту есебінен республикалық бюджетке қосымша шамамен 150 млрд теңге түседі деп жоспарлануда.

Мемлекеттік шығыстардың әлеуметтік-экономикалық әсерін талдау бойынша, министрдің айтуынша, мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қатысуымен ведомствоаралық жұмыс тобы құрылуда. Жол картасы қабылданады. Онда бюджет шығыстарын бағалау құралдарын кеңейту, шығыстарды қадағалау тетігін енгізу және қаражатты бөлу басымдықтарын айқындау көзделеді.

«Қазіргі уақытта 80 шара мен 9 мемлекеттік және салалық бағдарламаны қамтитын мемлекеттік қолдау шараларының мониторинг жүйесі іске қосылды. Жүйе мемлекеттік қолдау шараларын алуға дейінгі және одан кейінгі субъектінің қаржылық-экономикалық тиімділігін анықтауға, салық түсімдері түріндегі шығыстарды кірістермен салыстыруға, сондай-ақ жұмыс орындарын құруға және еңбекақы төлеу қорын арттыруға талдау жасауға мүмкіндік береді. Аталған жүйені құру жөніндегі жұмыс нәтижелері жаңа әдістемені әзірлеу кезінде ескерілетін болады», — деді Е. Жамаубаев.

Шетелге заңсыз әкетілген қаражатты және онда сатып алынған активтерді қайтару жөніндегі ұсыныстар бойынша бүгінгі таңда салықтық әкімшілендіру мақсатында ақпарат алмасу бөлігінде халықаралық ынтымақтастықта құқықтық база дайындалды. Атап айтқанда, қаржылық шоттар бойынша автоматты түрде ақпарат алмасу туралы Көпжақты келісім шеңберінде 62 юрисдикциядан ақпарат алу рәсімделді. Бұл 2019 жылдан бергі кезеңді қамтиды.

Мемлекет басшысының тапсырмаларын ескере отырып, барлық мүдделі мемлекеттік органдар басшыларының қатысуымен жұмыс тобы құрылды. Капиталды елге қайтару және шетелге, оның ішінде оффшорлық юрисдикцияларға қаражаттың кетуіне қарсы бағытталған шараларды күшейту жөнінде нақты ұсыныстар әзірленетін болады.

Бұдан басқа, дивидендтерге салық салу, материалдық емес қызметтер және бақыланатын шетелдік компаниялар бойынша шегерімді шектеу жөнінде заңнамалық түзетулер әзірленді. Сондай-ақ Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің үздік тәжірибелерін ескере отырып, трансферттік баға белгілеу мәселелері бойынша заң қабылданады. Осы бағыт бойынша нақты ұсыныстар екі ай ішінде Мемлекет басшысына ұсынылады.

Мемлекеттік сатып алу процесі толығымен электронды форматқа көшірілді. Бүкіл процесс айқын және барлығына қолжетімді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде соңғы жылдары бір көзден тікелей сатып алу үлесі 64%-дан 39%-ға дейін қысқарды.

«Биылғы жылдан бастап тікелей сатып алудың тағы 6 негізі заңнан алынып тасталды. Сатып алу процесін жетілдіру мақсатында электрондық дүкен түріндегі жаңа тәсілдер енгізілді, сондай-ақ негіздемелік келісімдер және конкурстың рейтингтік-балдық жүйесі енгізілуде», — деді қаржы министрі Е. Жамаубаев.

Бір күндік фирмалардың сатып алуға қатысуын шектейтін қаржылық тұрақтылық көрсеткіші белгіленді. Құрылыс саласындағы жеткізушілердің жұмыс тәжірибесін автоматты түрде есептеу үшін электрондық депозитарий енгізілді. Тапсырыс берушілерге қоғамдық бақылауды және сатып алуды жүзеге асыру сапасын арттыру мақсатында мемлекеттік органдардың тиімділік рейтингін жүргізу және оны жариялау ұсынылады.

Биылғы жылдан бастап «Самұрық-Қазына» қорын қоса алғанда, ұлттық компаниялардың сатып алуын реттейтін заң қолданысқа енгізілді. Ұлттық компанияларда бір көзден сатып алудың 12 негізі, ал Қор бойынша 10 негіз қысқартылды. Ұлттық компаниялардың сатып алулары толығымен автоматтандырылып, мемлекеттік сатып алу тәсілдеріне барынша сәйкестендірілді. Бүкіл процесс айқын және барлығына қолжетімді. Ұлттық компаниялар мен Қордың бір көзден сатып алу тәсілін қысқарту бойынша шаралар жалғасатын болады.

«Қордың сатып алу тәртібін қайта қарау бойынша жұмыс жүргізілуде. Бұл ретте, холдингішілік кооперация шеңберінде сатып алуды алып тастау ұсынылуда. Қормен бірлескен жұмыс жалғасуда», — деді сөз соңында Ерұлан Жамаубаев.