Ақмола облысында жылқы ұрлаған күдікті оны үйдің қонақ бөлмесіне жасырған. Бұл туралы 24 kz жазды.
Оқиға Астрахан ауданының Петровка ауылында болыпты. Ал баспананың төріне тығылған жануарды табуға полицейлердің қызметтік иті көмектескен. Жоғалған жылқы аталған ауылдың тұрғынына тиесілі екен. Алайда ол полицияға өзінің бір емес, 3 жылқысы қолды болғанын хабарлаған. Күдікті де осы елді мекеннің азаматы болып шықты. Ол қалған екі бас жылқыны далаға жібере салғанын айтқан. Кейіннен олар да табылды.
Жалпы Ақмола облысында жыл басынан бері 150-ден астам мал ұрлығы тіркеліп, өкінішке орай олардың 50 шақтысы ғана ашылған.
Гүлнәр Пинчук, облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі:
– Аталған дерекке қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы 3-тармағына сәйкес, яғни «мал ұрлығы» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталып, іс жан-жақты зерттеліп жатыр. Қазіргі уақытта күдіктінің сыбайластарының бар-жоқтығы тексерілуде.