Жыл басынан бері елімізде 48 қыз-келіншек тұрмыстық зорлық-зомбылықтан көз жұмған

Жыл басынан елде 48 қыз-келіншек тұрмыстық зорлық-зомбылықтан көз жұмды. 1600-і зардап шегіп, 300-і ауыр жарақат алған. Бұл туралы 24kz жазды.

«Біріккен Ұлттар Ұйымы – Әйелдер» құрылымының ресми статистикасы бойынша күн сайын әлемде 137 әйел гендерлік теңсіздік құрбаны болып отыр. Осыған байланысты 35 дипломатиялық миссия мен халықаралық ұйымдар қазақстандықтарды тұрмыстық қылмыстың алдын алуға шақырды.

Бұл мақсатта бүгін елордада «Гендерлік зорлық-зомбылықсыз 16 күн» атты конференция өтті. Оған саясатта, ішкі істер органдарында және кәсіпкерлік саласында қызмет атқарып жүрген нәзікжандылар қатысты.

Ләззат Рамазанова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Бір топ депутат болып осы жылдың басынан бастап, жаңа заң жобасын үкімет сараптамасына жібердік. Бұл енді отбасы институтын нығайту заң жобасы. Не қажет дейсіздер ғой. Өткен жылы бізді дүрліктірген зорлық-зомбылыққа қарсы заң жобасы қажет емес деп, бірнеше азаматтық қоғам өкілдері шықты. Енді айтып өту керек, оның ішінде 22 мың адам петицияда қарсылық білдірсе, 87 мың адам осындай заң бізге қажет деген петицияға қол қойды.